×

«Тобыл» футбол клубында жанжал шықты

Андрей Канчельскис тең төрағаны сотқа беретінін айтты

 Дастан Жұмабекұлы 27.11.2023 | 16:40
Фото: sport24.ru

Футболдан Қостанайдың «Тобыл» клубының бұрынғы директоры Андрей Канчельскис отставкаға кетуіне байланысты мәлімдеме жасады. Ол Championat сайтына берген сұхбатында «Тобыл» клубындағы қызметінен кету туралы өтініш жазбағанын, 29 қарашада еңбек демалысынан келгеннен кейін команданың тең төрағасын сотқа беретінін айтты.

Мен «Тобылдан» кеткен жоқпын. Маған ешкім ештеңе деген жоқ. Ешқандай құжатқа қол қойған емеспін. Ол (клубтың тең төрағасы, - ред.) мені алаяқ деп жұмыстан шығарғысы келіп отыр. Кімнің алаяқ екені сотта белгілі болады. Мен ол секілді қолма-қол ақша жасаумен, лас істермен айналыспаймын. 29 қарашада жұмысқа келгенде дұрыстап сөйлесеміз. Егер жағдай басқаша болса, онда мен ФИФА мен УЕФА-ға арыз жазамын. Сонда кімнің кім екенін көреміз, – деді ол.

Айтуынша, ол отставка туралы демалыста жүргенде естіген.

«Тобыл» клубының баспасөз қызметі 23 қарашада Канчельскистің отставкаға кеткенін ресми түрде жария етті. Осыдан кейін оның сұхбаты жарияланды.

Қостанай клубының басшылығындағы өзгерістер Қазақстан кубогының финалынан кейін басталған. Сол кезде «Тобыл» ел чемпионы Шымкенттің «Ордабасы» командасын 1:0 есебімен жеңген болатын. Осы матчтан кейін сербиялық жаттықтырушы Милич Чурчич отставкаға кетті. Ал Канчельскис клубтың директоры болып 4 ай жұмыс істеді. Оның клубпен келісімі биылғы жылдың соңына дейін есептелген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама