×

Алматының шағын аудандарындағы инженерлік желілер жаңартылып жатыр

Ондағы су құбыры және кәріз желілері 1960-1970 жылдары салынған

 Халық үні 27.11.2023 | 16:30
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматының Әуезов ауданында 4 проблемалық учаске бойынша сумен жабдықтау және су бұру желілерін модернизациялау бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Бұл туралы Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев ӨКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni.

Оның айтуынша, аталған учаскелердегі су құбыры және кәріз желілері 1960-1970 жылдары салынғанын ескерсек, олардың тозуы 90% болған.

Достық шағын ауданындағы бірінші учаске бойынша кәріз желілерін салу жұмыстары 2023 жылдың ІІІ тоқсанында басталды. Жалпы ұзындығы – 13,7 шақырым, 759 жеке үй мен 3 мың 650 тұрғын қамтылды. Жобаны 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Екінші учаске бойынша бұрынғы үш «Восход», «Садовод», «Ардагер» бау-бақша серіктестіктерінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін төсеу жұмыстары 2023 жылдың ІІІ тоқсанында барлық 8 көшеде басталды. Жалпы ұзындығы – 5,2 шақырым, 117 жеке үйді қамтиды. Бұл жұмыстар осы жылдың соңында аяқталады. Мамыр-4 шағынауданындағы үшінші учаскеге қатысты 197 үй мен 750 тұрғынды қамти отырып, ұзындығы 12,3 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу бойынша жұмыстарды 2024 жылдың ІІ тоқсанында бастап, 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Төртінші учаске бойынша Саина – Шаляпина – Жандосова – р.Қарғалы көшелерінің квадратында жалпы ұзындығы 42 шақырым, 700 үйді қамтитын сумен жабдықтау және су бұру құрылысы бойынша ЖСҚ әзірлеу аяқталып жатыр. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың ІІ тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.

Бұл жобаларды іске асыру барлық 4 учаске бойынша 11 мыңнан астам тұрғынды сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Саин көшесі учаскесінде, Шаляпин көшесінен Абай даңғылына дейін су құбыры желілерін қайта жаңарту аяқталды. Жалпы ұзындығы – 0,9 шақырым. Ұлықбек даңғылы (оңтүстік және солтүстік жағы) бойынша 2 учаскеде, Саин көшесінен Момышұлы көшесіне дейін, жалпы ұзындығы 2,5 шақырым және ұзындығы 1 шақырым болатын Төле би көшесінде, Саин көшесінен бастап, Абай көшесіне дейін, Момышұлы көшелері бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Осы учаскелерді реконструкциялау Жетісу және Ақсай шағын аудандары тұрғындарын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстарды биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама