×

Алты өңірде мүгедектігі бар балаларға арналған шағын үйлер ашылды

Бұндай үйлер 130 орынға есептелген

 Динара Амантай 27.11.2023 | 13:45
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жеке секторды тарта отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның 6 өңірінде мүгедектігі бар балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлер ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыйымдылығы шағын үйлер құру – ҚР Әлеуметтік кодексінде белгіленген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясындағы жұмыс бағыттарының бірі. Ірі интернат үйлерінде қызмет көрсетуден шағын жинақты әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында қызмет көрсетуге көшу көзделеді. Жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы жеке секторды тарту арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің мемлекеттік орталықтарын кезең-кезеңімен монополиясыздандыру іске асырылады. Сыйымдылығы шағын үйлерді мүгедектігі бар адамдар тұратын жерлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде тікелей ашу жоспарланған.

Пилоттық жобаға еліміздің 7 өңірі қатысып жатыр: Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

Бұған дейін хабарланғандай, мүгедектігі бар балаларға арналған алғашқы сыйымдылығы шағын үй 2023 жылдың 4 шілдесінде Қарағандыда ашылды. Осындай сыйымдылығы шағын үйлер осы жылғы 29 тамызда Көкшетау мен Шымкентте, 1 қыркүйекте Астанада, 10 қыркүйекте Түркістан облысында ашылды. Қарашада Орал қаласында тағы бір «Ақ ниет» сыйымдылығы шағын үй ашылды.

Жалпы, жоғарыда аталған сыйымдылығы шағын үйлер 130 орынға есептелген.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыйымдылығы шағын үйлерде арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі қолжетімді. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық қызметтер көрсетілмек.

Орталықтарда емдік дене шынықтыру, массаж, дефектолог, логопед, психолог және т.б. кабинеттер бар.

Сыйымдылығы шағын үй жағдайында қызмет көрсету стационарлық және жартылай стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама болып табылады және баланың отбасымен бірге болуына бағытталған. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың ата-аналары жұмысқа шығып, отбасының әл-ауқатын арттыра алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама