×

«Жастарға баспаналы болу үшін бар жағдай жасалады» - Ералы Тоғжанов

2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтер ұсынылады

 Дастан Жұмабекұлы 20.05.2022 | 15:02
коллаж: Halyq Uni

Жастарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.

Бұл туралы Парламент Сенатында өткен жастарды қолдау тақырыбына арналған тыңдауда Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, 2025 жылға дейін барлық өңірде «Отбасы банктің» жеңілдетілген ипотекасы бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.

«Қазіргі кезде жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 3 өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында іске асырылып жатыр. Енді жыл соңына дейін басқа да өңірлерде осыған ұқсас бағдарламаны іске қосу қарастырылып отыр.

2019 жылдан бері жұмыс істейтін жастарға 7 мың жалға берілетін (Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент) баспана ұсынылды. 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың пәтерді ұсыну жоспарланып отыр», - деді Е. Тоғжанов.  

«Бүгінде «Отбасы банкінің» жинақтаушы баспана депозиттерінде 250 млрд теңгеден астам сомаға жастардың (29 жасқа дейінгі) 500 мыңнан аса депозиті ашылды. 2025 жылға қарай жастардың баспана жинақтарының көлемін 800 мың депозитке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жастар арасында баспанаға алуға жинақ ашу мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жастар тұрғын үй салымын жинақтаудың маңыздылығын түсіну керек. Әрбір отбасының берекесі шаңырақтан басталады. Жастарға баспаналы болу үшін бар жағдай жасалады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама