×

Финляндия Ресеймен шекараны жабу жоспарын жасап жатыр

Эстония, тіпті, РФ-мен шекара белдеуіне танкінің жүріп өтуіне кедергі келтіретін темір құрсау салып тастады

 Дастан Жұмабекұлы 21.11.2023 | 17:35
Фото: Lauri Heino

Финляндия Iшкі істер министрлігі Ресейден келетін адамдардың көбейіп бара жатқанына алаңдап, шығыс шекараны толық жауып тастаудың жоспарын жасауды қолға алды. Бұл туралы Iltalehti хабарлады.

Басылымға сілтеме жасаған РБК телеарнасының хабарлауынша, Ресей Федерациясы Финляндиямен шекараға Еуропаға күнкөріс көзін іздеген мигранттарды көптеп әкеліп, жағдайды әдейі ушықтырып жатыр. Осыған байланысты Суоми билігі шекарадағы бақылау-өткізу бекетінің бәрін тез жауып тастау мақсатында шектеу енгізу жоспарын жасауға кірісті.

Финляндияның оңтүстік-шығыс шекара қызметінің мәліметіне қарағанда, шекараға босқындардың көптеп келгені белгілі болды. Олардың саны 100-ге жетті.

Бұған дейін Финляндия «Имарта», «Ниирала», «Ваалимаа», «Нуйямаа» мен «Вяртсиля» автомобиль өткізу бекеттерін жауып, Ресейден келетін көліктердің жолын бөгеп тастаған еді. Шектеу 2023 жылғы 17 қарашадан 2024 жылғы 18 ақпанға дейін қолданыста болған. Енді оны тағы ұзартауға тура келіп тұр.

Бүгін аталған шекара бекеттері ашылған жоқ.

Енді Финляндиядан кейін Эстония мен Норвегия да Ресеймен шекараны жауып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Оның үстіне Эстония РФ-мен шекара белдеуіне танкінің жүріп өтуіне кедергі келтіретін темір құрсау салып тастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама