×

Астана халқы ұлттық құраманы әуежайдан қарсы алды (ВИДЕО)

Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер! – деді министр

 Дастан Жұмабекұлы 21.11.2023 | 14:21
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Бүгін сағат 12:30-да Астана қаласының тұрғындары футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасын Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан күтіп алды. Салтанатты қарсы алу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, футболшылардың туған-туыстары, достары мен жанкүйерлер қатысты.

Кездесуде Ермек Маржықпаев ұлттық құрамаға жасыл алаңдағы жанкешті ойыны үшін алғыс айтты.

Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңызбен жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін арттырып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Бүгін түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі. Мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер! – деді министр.

Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келді. Олар жігіттерге жігер беретін сөздер жазылған баннерлерді ұстап, құрмет ретінде дәліз жасап, сап түзеді.

Сонымен қатар футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу турниріндегі қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.

Бүгін түнде Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу турнирі аясында Словения командасымен кездесіп, аса тартысты өткен ойында қарсыластарынан 2:1 есебімен жеңілді. Біздің құрама Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алмаса да Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы Еурододаға баруға тағы бір рет талпынып көреді. Бұл сында біздің жігіттер 2004 жылғы Еуропа чемпиондары – Грекия құрамасымен ойнайды.

Матч 2024 жылдың наурыз айында Афинада өтеді деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама