×

Ташкентте Олимпиада қалашығы салынып жатыр

Өзбекстанда 2025 жылы жастар арасында Азия және Пара Азия ойындары болады

 Дастан Жұмабекұлы 20.11.2023 | 15:04
Фото: president.uz

Өзбекстанның Ташкент қаласында Олимпиада қалашығы салынып жатыр, деп хабарлады Өзбекстан Республикасы президентінің ресми сайты.

Бұл елде 2025 жылы жастар арасында Азия және Пара Азия ойындары болады. Сондықтан Олимпиада қалашығында бұл жарыстар бағдарламасына енген барлық спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалады. Оның ауданы – 100 гектар. Онда 10 мың орындық стадион, 2 мың жанкүйерге арналған велодром, су спорт сарайы, жеке және командалық спорт кешендері бой көтереді. Сондай-ақ 4 қабатты әкімшілік ғимарат, 15 ашық спорт алаңы, жүгіру жолдары, саябақтар салынады. Жалпы, қалашық аумағының 54 пайызы жасыл желекке айналады. Ол үшін 37 гектар жерде жасанды көлдер болады.

Жоба 70 елде спорт нысандарын салған қытайлық CAMC Engineering компаниясымен бірігіп салынып жатыр. Былтыр 9 қарашада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев осы қалашық құрылысының іргетасын қалаған болатын. Бүгінде негізгі ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары аяқталды. Бес кешеннің құрылысы қалпына келтіріліп, көтерілді. Құрылысқа мыңға жуық жұмысшы мен инженерлер, арнайы техника жұмылдырылған.

Кеше Өзбекстан президенті Олимпиада қалашығының құрылысымен танысты. Ол қалашықты пайдалануға шетелдік тәжірибені енгізу, қауіпсіздік шараларын қабылдау және көркейтуді арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Азия ойындарынан кейін кешендер қаңырап бос қалмай, халқымызға қызмет етуі керек. Мұнда жаттығумен қатар, спорттық білім, ғылым, медицина да болуы қажет. Яғни, бұл жер ел спортының ғылыми-тәжірибелік, оқу-жаттығу орталығы болады, – деді Шавкат Мирзиеев.

Кейін бұл жерде Жастар саясаты және спорт министрлігі, спорт федерациялары, Өзбекстанның Мемлекеттік спорт академиясы мен басқа да мекемелер өз қызметін жолға қояды. Алаңдарда ел тұрғындары да спортпен шұғылданатын болады.

Балалар спорт мектептері болашақта осы қалашықпен байланысты болуы керек. Бұл – бұқаралық спорттан кәсіби спортқа көпір, – деді Мирзиеев одан әрі.

Қалашықта Паралимпиада ойындары да өтетін болғандықтан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жолдар мен бөлек секторлар ұйымдастырылады.

Мирзиеевтің ұсынысы бойынша кешенде жаңартылатын энергия көздері де қолданылады. Жылдық қуаты 10 мегаватт күн батареялары 56 мың шаршы метрге орнатылады.

Ташкент қаласы бойынша өткен жылы ұсынылған инвестициялық бағдарламаға сәйкес, биыл іске қосылған жобалар туралы ақпарат берілді. Биылғы жылдың өткен кезеңінде өндіріс пен қызмет көрсету салаларында 360 жоба іске асырылып, жалпы 20 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ «Янг хаёт» ауданында 650 гектар аумақта жаңа буынды индустриялық аймақ құру жоспарланып отыр. 

Осы күні Өзбекстан президенті Ташкенттің көлік және қызмет көрсету саласымен, тазалығымен және қысқа дайындығымен де танысты. Ол Ташкент қаласының Мырза Ұлықбек ауданындағы Хабиб Абдуллаев махалласында болды.

Бұл махаллада 4 400-ден астам адам тұрады, 50-ге жуық сауда дүкені мен техникалық қызмет көрсету орталықтары, білім беру ұйымдары жұмыс істейді. 38 көпқабатты тұрғын үй мен 4 әлеуметтік нысанға «Мәдени аумақ» басқарушы қызмет көрсету кәсіпорны қызмет көрсетеді.

Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Биылғы жылы аталар шайханасы, амфитеатр, Wi-Fi аймағы салынып, ішкі жолдар мен балалар ойын алаңдары жөнделді.

Шенеуніктердің назары мен халықтың ауызбіршілігінің арқасында өңірдің келбеті түбегейлі өзгерді. «Жасыл кеңістік» жобасы аясында биылғы күзде 2 мыңнан астам сәндік және жеміс ағаштары отырғызылды. Екі құдық қазылып, жасыл алқаптарға суару жүйесі жасалды.

Мирзиеев осында аудан белсенділері, зиялы қауыммен әңгімелесті. Олар махалланың көркейіп, энергия желілері жөнделіп, қысқа дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Өзбекстан басшысы электр қуатын үнемдеу, үйлердегі жылуды ұстап тұру, оған әрбір адамның бойында қамқорлықты туғызу керектігін тапсырды.

Әлемдегі климаттық өзгерістер бізден алыс деп айтуға болмайды. Өткен жылғы аяз соны көрсетті. Енді климаттың өзгеруін ескере отырып, дүниетанымымызды өзгертуіміз керек. Әрбір азамат «бұл – менің үйім, менің көршім, менің махаллам, менің Отаным» деп өмір сүрсе, нәтиже біз ойлағандай болады, – деді Шавкат Мирзиеев.

Бұл шағын ауданда қыс түскенше он трансформатор жөнделген. Электр сымдары ауыстырылды. Көпқабатты үйлердің кіреберіс дәліздері күрделі жөндеуден өтті, жаңа есіктер орнатылды. Тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу құбырлары жаңартылды.

Президент Мизиеевке Чиланзар ауданына сапары барысында берілген тапсырмаларға сәйкес қысқа дайындық барысы туралы ақпарат берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама