×

Қазақстандық бітімгерлер Ливаннан оралды

Бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндетті лайықты орындап шықты

 Дастан Жұмабекұлы 17.11.2023 | 13:15
Фото: gov.kz/Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің тоғызыншы бітімгерлік контингенті «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясын аяқтады.

Әскери қызметшілер 6 айда «Шығыс» секторында Үнді бітімгерлік батальонының құрамында тапсырмаларды орындады. Жауапкершілік аймақтарында жаяу, мобильді және әуе патрульдерін жүргізіп, тосқауыл бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды, бітімгерлік базасын күзетіп, бейбіт келісімдердің сақталуын қамтамасыз етті.

Бітімгерлерді Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары – штаб бастығы, полковник Бақытжан Жетпісов бастаған әскери қызметшілер, сондай-ақ туыстары мен жақындары қарсы алды.

Өңірдегі қиын жағдайға қарамастан, бөлімшенің әскери қызметшілері жүктелген міндетті лайықты орындап шықты. Біз үйге жақсы көңіл-күймен оралдық. Алты ай ішінде кейбір әскери қызметшілеріміздің отбасында сәбилер дүниеге келді, – деді бітімгерлік бөлімшесінің командирі капитан Фархат Ақбалиев.

Жақында Ливан Республикасынан келген бітімгерлердің орнына Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің оныншы бітімгерлік контингенті аттанды.

Әскерилер «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріндегі» миссиясына 2018 жылдың қазан айынан бастап қатысып келеді. Осы уақыт ішінде 500-ден астам әскери қызметші Ливанда қызмет етіп, қажетті тәжірибе жинай алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама