×

Алматының Алатау ауданында 60 көшедегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Техникалық тротуар салынуда

 Халық үні 14.11.2023 | 11:44
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматы қаласының Алатау ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 60 көшедегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған 23 мың шаршы метрден 15 мың шаршы метр жол жабыны жөнделді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысының қолдауымен Алматы әкімдігінің бастамасы аясында биыл 1 сәуірден бастап аудан әкімдігі бюджетті 3,1 есе – 184,3 млрд теңгеге дейін арттырып, 15 функция берді.

Бүгінде ауданда 7 шағын аудандағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 61 шақырым болатын Ф. Оңғарсынова мен Н. Данченко атындағы екі үлкен көшеде жаңа жолдар салынып жатыр.

Сондай-ақ әкім орташа жөндеу жұмыстары аяқталған шағын аудандарды атап өтті. Олар: Томирис, Қарасу, Алғабас, Теректі, Ақбұлақ және Зерделі. Сайын көшесі Рысқұлов даңғылынан Мөңке биге дейін ұзартылып жатыр. Оның ұзындығы – 3,2 шақырым. Бұдан басқа, Сайын, Мөңке би көшелерінің қиылысында толық беде түрінде жолайырық салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, 5 жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде брусчаткалар мен тактильді плиталар ішінара ауыстырылды. Төбелерге софиттер, вандализмге қарсы жарықтандыру құрылғылары, бейнебақылау жүйесі (Райымбек даңғылы, Момышұлы көшесінің қиылысы – 3 жерасты өткелі; Момышұлы көшесі Райымбек даңғылынан жоғары – 1 өткел; Райымбек даңғылы Ақкент шағын ауданынан бұрылыс – 1 өткел) орнатылды.

18 жаяу жүргіншілер өткеліне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда сыртқы жарықтандыру шамдарын ауыстыру, көтергіш механизмдер мен электр жетегі бар лифттерді күрделі жөндеу, бейнебақылау орнату, арбамен және велосипедпен түсетін орындарды орнату, іргелес аумақты көгалдандыру және абаттандыру қарастырылған, - деген аудан басшысы күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді.

Оның айтуынша, тротуарлардың құрылысына ерекше назар аударылған. Бүгінде жалпы ауданы 27 050 шаршы метр болатын 8 шағын ауданда техникалық тротуар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тротуарлардың құрылысы тұрғындар «шағын соқпақ» деп аталатын жасыл аймақтарда іске асырылады. Ондай жерлердің кесірінен шаң көтеріліп, жер эрозиясы пайда болады және суару жүйесі жабдықтары зақымдалады, - деп түсіндірді Азамат Қалдыбеков.

Аудан басшысы инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қалпына келтіру мәселелеріне де тоқталды. Мәселен, жалпы ұзындығы 306,9 шақырым болатын 8 шағын ауданда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарланған. Биыл барлығы Шапағат, Болашақ, Рахат-Мәдениет және Өжет сияқты 5 шағын ауданда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. 3-кезекте Алғабас шағын ауданы тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама