×

«Біз оны ешқашан кешірмейміз»: Тергеуге күмәнді Салтанат Нүкенованың туыстары Астанаға аттанды

Олар қалалық полиция департаментінің басшысымен жолығып сөйлеспекші

 Халық үні 13.11.2023 | 20:54
Фото: instagram/_salta_n

Экс-министр Қуандық Бишімбаевты қайын жұрты кешірмейді. Қара жамылған отбасы істің тым бұрмаланып жатқанына ашулы. Айтуларынша, күдіктіні ақтап алу мақсатында ақпараттық шабуыл да үдей түскен. Іс қозғалғалы, тергеушілер де жиі ауысып, бұрынғысы жаңасының телефон нөмірін бермей сандалтып қойыпты. Қанды қылмыстың әділетті қаралатынына күмәнданып отырған марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары бүгін Астанаға аттанды, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарнаның хабарлауынша, күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың денесі жер қойнына тапсырылғанына екі күннің жүзі болса да, туыстарының қолына әлі сот-медициналық сараптама тимеген. Марқұмның жақындары «қолы ұзын» экс-министр Қуандық Бишімбаев өзін сот алдында арашалап алуға қазірден барын салып жатыр деп қауіптенеді. Іс басталмай жатып, үш тергеушінің ауысуы, желіде түрлі блогерлердің Бишімбаевты ақтап жазған жазбалары да күдікті қоюлата түскен.

Таңдаулы 4 адвокаттың күдіктіні қорғауы да жантүршігерлік қылмыстың ақыры немен аяқталатынынын меңзеп тұрғандай дейді марқұм келіншектің ағасы, Павлодар қаласының экс-әкімі Қайрат Нүкенов. Ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол қызғалдақтай құлпырып көз алдында өскен қарындасының азапталып өлгеніне аһ ұрады.

Бишімбаев біз үшін айуан, қанішер. Біз оны ешқашан кешірмейміз. Қарындасымызды әбден мазақ еткені жанымызға батып жатыр. Мәйітті жууға кірген әйелдердің өңі бозарып кетті. Олар мұндай жарақаттарды бұрын-соңды көрмегенін айтты. Денесі тұтас көгеріп кеткен. Қазір кешірім берсек, басқа адамдардың өмірін ойран етеді, мына түрімен. Ұлын қорғаштау мақсатында Бишімбаевтар әулеті қолдан келгеннің бәрін жасайтыны анық, - дейді марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов. 

Телеарнаның хабарлауынша, бір жыл бұрын ғана «күйем-сүйем» деп өлердегі сөзін айтып алған некелі жарын көк ала қойдай сабап жүргенінен жақын құрбылары да хабардар екен. Бір емес, бірнеше рет Салтанаттың қол-аяғынан көгерген іздерді көздері шалған. Үнемі жайдары мінезді марқұм келіншек жуан жұдырықты күйеуінің теперішіне көніп келіпті. Құрбыларына «мәселені өз арамызда шешеміз» деп Бишімбаевты жамандыққа қимаған.

Бас қосқан бір жыл ішінде араларында талай ұрыс-керіс болды. Біз куәміз. Қол да көтерген. Денесінде бірнеше рет көгерген іздер байқағанмын. Есім шығып, Салтанаттан «бұл қалай болғаны, неге шыдап жүрсің?» деп сұрадым. Марқұм құрбым сондай жайдары мінезді, кешірімді еді ғой. Күйеуі талай рет кешірім сұрап, жалбарынып, «бәрін қайтабастайық» деп шығатын. Қажет болса, «психологқа барайық» деп тыныштық бермейтін, дейді марқұм Салтанат Нүкенованың Линара Смағұлова. 

Қаланың полиция департаменті әзірге экс-министрдің екі айға қамауға алынғанын растады. Сондай-ақ тергеуде тағы бір қылмыстық іс жеке дара тіркеліп отыр. Оның шеңберінде қылмыс болған «Бау» мейрамханасы орналасқан «Гастро-орталық» директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мейрамхана басшысы қылмысты жасырып, дер кезінде полицияға хабарламағаны үшін айыпталып жатыр.

Полиция департаменті әйелін өлтіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікті қамауға алынды. ҚР ҚК 434-бабы қылмыс туралы хабарламау, 119-бабының үшінші бөлігі, қауіп-қатердіе қалдыру бойынша қылмыстық істер тіркелді, - дейді Астана ПД бастығы Марат Төлебаев. 

Телеарнаның хабарлауынша, Бишімбаев жауапкершіліктен жалтарып кете ме деген қорқыныш марқұмның әулетінен бөлек, әлеуметтік желіде де көрініс табуда. Бет-әлпетін қан-жоса етіп бояған қыз-келіншектер, «зорлық-қомбылыққа жол жоқ» деген ұранмен челендж де бастаған. Депутаттар да, қылмыскердің айыбы дәлелденсе, оны жазалауда заң солқылдақ болмауы керек деп отыр.

Бұл есіргеннің белгісі ғой. Қоғам солай тәрбиеледі. Қаншама заңсыздық болды. Қаншама адамды босатып жатыр , мысалы. Дәл сіз атаған адамға да солай. Алдында бір қамады, босатты. Нәтижесі не болды? Сондықтан бізде, өкінішке қарай, заңнын дұрыс істемеуі, сондай-ақ, қоғамның бір табына заңнан бір жеңілдік тауып бергеніннің әсері кері, - дейді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Тергеудің әділ өтетініне күмәнмен қарайтын Салтанат Нүкенованың туыстары бүгін бір қауым ел болып Павлодардан Елордаға қарай бет алды. Олар қалалық полиция департаментінің басшысымен жолығып сөйлеспекші. «Жауабына қанағаттанбасақ, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне де бас сұғамыз» деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама