×

БҚО-да сібір жарасын көмудің 117 пунктінде бұзушылықтар анықталды

Әкімдік бұл бағытта жұмыстарды тиісінше жүргізбеген

 Динара Амантай 11.11.2023 | 13:40
Фото: СЖҚА БҚО бойынша департаменті

БҚО-да сібір жарасын көмудің 117 пунктінде бұзушылақтар анықталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша СЖҚА департаментінің басшысы Әділхан Сабуров мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған фактілер сібір жарасын көму мәселесі бойынша өткізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелері бойынша анықталды. Бүгінде облыс аумағында 222 сібір жарасы анықталған мал көмілген. Айта кету керек, 2017-2023 жылдар аралығында 222 мал қорымын қоршауға бюджет қаражаты бөлінбеген.

Анықталғандай, мал қорымдарының басым саны талаптарға сәйкес келмейді және қарабайыр құрылыстар болып шықты.

Сонымен қатар, Орал қаласында сібір жарасы көмілген жерлер бір үйдің 15 метр және басқа тұрғын үйден 50 метр қашықтықта орналасқан. Бұл ретте, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жерленген сібір жаралы мал қорымдары қауіптіліктің I класты объектілеріне жатады. Санитариялық-қорғаныш аймағы кемінде 1 мың метр болуға тиіс.

Жоғарыда аталған фактілер әкімдіктердің сібір жарасы және мал қорымдары бойынша пункттерді қорғауға тиісті түрде жұмыс жүргізбейтінін көрсетеді.

Әкімдіктер сібір-ойық жаралы жерлеу орындарын тиісті жағдайда ұстау жұмыстарын жүргізуге міндетті. Жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөліп, қарабайыр мал қорымдарын күтіп-ұстау, сондай-ақ реконструкциялау бойынша барлық жұмыстарды жүргізу қажет, - деп қорытындылады отырысқа қатысушылар.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама