×

Алексей Цой министр қызметінен кетті

Ол бір жарым жылға жуық Денсаулық сақтау министрі болды

 Халық үні 20.12.2021 | 09:10
Алексей Цой, фото: facebook

Мемлекет басшысының жарлығымен Алексей Владимирович Цой Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіндегілер Алексей Цойдың басқа қызметке ауысуына байланысты өз еркімен жұмысынан кеткенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға белсенді жұмыс істегені, әсіресе Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне Алексей Цой былтыр, 2020 жылдың маусымында тағайындалды.

Алексей Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.

Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және тағы да басқа елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.

Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.

2019 жылғы ақпаннан бастап 2020 жылдың маусымына дейін ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығын басқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама