×

БҚО-да жедел жәрдем қызметі пойыздың астына түскен адамды құтқарды

Дәрігерлер 5 минутта келіп, зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетті

 Дастан Жұмабекұлы 10.11.2023 | 13:51
Көрнекі фото

Осы аптаның басында Батыс Қазақстан облысының жедел медициналық жәрдем қызметі пойыздың астына түскен ер адамды өлімнен құтқарып қалды. Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлады.

Ер адамды Орал қаласындағы Ақ казарма аялдамасы маңындағы теміржолда пойыз қағып кеткен. Сол жерде ол есінен танып қалған. Оқиға орнына облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының №8 бригадасы 5 минутта келіп, зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Бригаданың құрамында бірінші фельдшер Е. Жұқалтаев, фельдшер Н. Жасұлан мен көлік жүргізушісі Н. Мақауов клиникалық хаттаманың талаптарына сәйкес шұғыл медициналық көмек көрсетті. Олар қан кетуді тоқтатып, ауырсынуды басатын шокқа қарсы терапия мен гемодинамиканы қалпына келтірді, – делінген хабарламада.

Осыдан кейін ажалдан аман қалған азамат шұғыл түрде облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

Ол аурухананың қабылдау бөліміне түскен кезде II-IV дәрежелі жарақаттық шоктан жағдайы өте қиын болды. ОКА құрамында травматолог Қанат Өтегенов пен травматолог-хирург Ерғали Байқатов бар дәрігерлер шұғыл операция жасады.

Операциялық үстелде ер адамның өмірін сақтап қалуға анестезиолог Айбек Түркпенов, реаниматолог Арман Дусалиев, анестезист Галина Астова, мейіргер Нұрай Газез де қатысты.

Қазір пациенттің жағдайы қалыпша. Ол палатаға шығарылып, өмірін сақтап қалған дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама