×

«Алматыға қыдырып келіп, үйіне табытпен оралды»: 27 жастағы жігіттің жақындарының жанайқайы

Оқиға екі ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған

 Халық үні 07.11.2023 | 22:39
фото: Астана телеарнасы

Алматыда 27 жастағы жігітті бұзақылар соққыға жығып, артынша жатқан жерінен көлік басып кеткен. Қаза болған азаматтың туыстары әділдік сұрайды, деп хабарлайды Астана арнасы. 

Телеарнаның хабарлауынша, бұзақыларға кезіккен 27 жастағы азамат алғашында қашуға бекінген. Бірақ соңынан қуып жеткен бірнеше жігіт оны алысқа ұзатпапты. Соққыға жығып, жол ортасына тастап кеткен. Ес-түссіз жатқанында көлік қағып, жүргізуші де оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші көз жұмды. Марқұмның туыстары қылмыс жасағандар әлі күнге дейін бостандықта жүр деп ашынады.

Оқиға екі ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған. Таңғы уақыттағы жанжал бейнекамераға жазылған.

Жолдың қақ ортасында ұстап алып, ұрып-соғыпты. 4-5рет ұрады, басынан, ішінен, бір-екі рет тепкілейді. Інім есін жия алмай сол жерде жатып қалады. Інім енді есін жиып тұрып жатқан кезде Александр деген кісі джип машинасымен келіп соғып, тіпті сол сәтте тоқтамай кетіп қалады. Кез келген адам ит басып кетсек те, мысық басып кетсек те тоқтап көреміз ғой, – дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов.

Алғашында соққыға жыққандар қамауға алынған. Туыстарының сөзінше көп ұзамай бостандыққа шығарыпты. Ал оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі үйқамақта екен. Марқұм жақындары қылмыскерлер жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды. 

Үйде әке шешеміз отыр аза тұтып. Інім қайтыс болғаннан бері неше рет талып, әлі есін жинай алмай отыр сөздің ашығына келгенде. Қазір бостандықта бәрі тайраңдап жүр. Осы уақытқа дейін ешкім кешірім сұрап, даже они не осознают что сделали. Інім отбасылы, екі қызы бар еді. Інім Алматыға қыдырып келіп, табытпен оралып отыр үйге былайша айтқанда енді, – дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов. 

Полиция департаменті осы оқиғаға қатысы бар екі күдіктінің үстінен бірнеше қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеді. Қалғандарының ісі тексеріліп жатқан көрінеді.

Аталмыш қылмыстық іс, қазіргі таңда Алмалы аудандық полиция басқармасымен тергелуде. ҚК-тің төрт бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы екі қылмысты жасаған адамдар анықталып, ұсталды. Көлік жүргізугісі де, жігітті ұрып, қауіпті ортада қалдырған ер азаматта та, – дейді қалалық полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұм Берікбай Сарыағаш қаласының тумасы. Туыстары кінәлілер жазасын заң бойынша алуын талап етуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама