×

ШҚО университетінің ғалымдары 2 млрд теңге сомасында гранттар жеңіп алды

Былтыр елімізде ғылым саласын қаржыландыру 3 есе өсіп, барлығы 147 миллиард теңге болды

 Дастан Жұмабекұлы 07.11.2023 | 17:20
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына қатысқан 4 жоба бойынша гранттарды жеңіп алды.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан техникалық университеті Л. Гумилев атындағы ЕҰУ және Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-мен іске асырылатын екі жобаны бірігіп жасайтын болады.

Былтыр елімізде ғылым саласын қаржыландыру 3 есе өсіп, барлығы 147 миллиард теңге болды. Бұл – еліміздегі ғылымды, оның ішінде университеттегі ғылым саласын дамыту үшін орасан зор мүмкіндік.

Үкімет пен Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауының арқасында ғалымдар өз зерттеулерінің ауқымын кеңейтіп, заманауи технологиялар мен жабдықтар алды.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры – басқарма төрағасы Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, ШҚТУ тәжірибесі көрсеткендей, өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылы ғылыми зерттеулерге және ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін коммерцияландыруға арналған жылдық бюджет 3,5 есе өсіп, 2,328 млрд теңге болған. Бұл – университеттің жалпы бюджетінің 30%-дан астамы.

Сонымен қатар, ЖОО биыл түрлі бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер мен коммерцияландыруға қомақты қаражат алды. Бұған гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға бөлінетін республикалық бюджет, халықаралық қорлар, шетелдік және жергілікті серіктестермен RND жобалары кіреді.

Сонымен, БНҚ конкурсының қорытындысы бойынша ШҚТУ ғалымдары мына тақырыптар бойынша 2 млрд теңгеден астам сомаға 4 жобаны жеңіп алып отыр:

  • «Ауыл шаруашылығы машиналарының бөлшектерін қатайту және қалпына келтіру үшін дыбыстан жоғары доғалы металдандыру технологиясын әзірлеу және енгізу». Жоба жетекшісі – PhD докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Рахадилов;
  • «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру контексінде инженерлік білім берудің ұлттық моделін құру». Жоба жетекшісі – PhD докторы, қауымдастырылған профессор Сәуле Смайылова;
  • «Мониторинг жүйесін әзірлеу және оларды орналастырудың ғылыми негіздемесі үшін Шығыс Қазақстан облысындағы көшкін белсенділігін зерттеу». Жоба жетекшісі – ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Наталья Денисова;
  • «Индустриялық даму және жаһандық процестер жағдайында Ертіс өзені бассейнінің су экожүйесін бағалау». Жоба жетекшісі – т.ғ.д., профессор Валентина Колпакова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама