×

Президент Жансейіт Түймебаевты қабылдады

Университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатыр

 Динара Амантай 07.11.2023 | 15:22
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президентке университеттегі маман даярлау ісінің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалып, келесі жылы 90 жылдығын атап өтетін жоғары оқу орнының стратегиялық даму жоспары таныстырылды. Жансейіт Түймебаев қазір университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатқанын жеткізді.

Президенттің мамырдағы ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылған болатын. 12 қазанда университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылды.

2024-2026 жылдары ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі іске асырылады. Жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтереді. Жуық арада 3 мың 180 орындық 3 жатақхананың құрылысы басталады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама