×

Павлодар облысында «полицей» ұрлық жасаған

Ол бұрын сотталған болып шықты

 Динара Амантай 06.11.2023 | 11:33
Фото: Halyq Uni

Павлодар облысында жалған полицей ұрлық жасаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 қазанда Павлодар қаласының полициясына 63 жастағы зейнеткер барып, 5 қазанда хабарландыру бойынша өзіне Асхат есімді жігіттің жүгінгенін мәлімдеген. Жігіт Павлодар қаласына оқуға келгенін және бөлмені шұғыл жалға алу керектігін айтқан. Үйдің иесі одан еш сезіктенбеген. Себебі ол полиция подполковнигі түрінде келіп, сенімді болу үшін қызметтік куәлігін де көрсеткен. Тура 20 күннен кейін ер адам пәтерді тастап, үй иесінің құны шамамен 700 мың теңге болатын күзен пальтосын ұрлап кеткен.

Сондай-ақ 29 қазанда полицияға 20 жастағы павлодарлық келіп, 4 қыркүйекте сағат 03:00 шамасында беймәлім адам жатақхана бөлмесінен 50 мың теңге ұрлағанын айтып арызданған.

 Ұрлық фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған күдікті Павлодар қаласы ПБ УҰИ-не қамауға алынды. Заттай дәлелдемелер толық көлемде тартып алынды. Құқықтық тәртіп сақшылары оның Павлодар облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр, – деп мәлімдеді полиция.

Сондай-ақ алаяқтан полицияның толық жабдықтары: формасы, еркін сатылымнан алған куәліктері табылды. Полиция осы адамның іс-әрекетінен зардап шеккендердің барлығынан Павлодар қаласы ПБ Солтүстік полиция бөліміне Астана көшесі, 55 мекенжайы бойынша өтініш беруін немесе «102» телефоны бойынша қоңырау шалуын сұрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама