×

Үндістанға көшкен 3 мың қазаққа қатысты тың деректер табылды (ФОТО)

Үндістан жеріне енгеннен кейін, қазақтардың тұрған жері еркін қоныс емес, әскер қоршауындағы лагерь болған

1942 жылы Үндістанға келген қазақ көші. Фото: KAZ.NUR.KZ/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

ХХ ғасырдың бірінші жартысында отаршылдық саясат зардаптарынан қазақтардың Алтайдан басталған көш керуені туралы тың тарихи деректер анықталды, деп хабарлайды nur.kz.

Қазақтар сол кезде Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға өткені, одан бүгінгі Еуропаға жеткені белгілі. Сол кезеңде Үндістанға қанша қазақ жеткені, қайда және қалай қоныстанғаны туралы деректер мен суреттер анықталып отыр.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары «Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында Үндістандағы архивтерден көптеген тарихи мәлімет тапқан.

Орталық маманы, тарих ғылымдарының кандидаты, (т.ғ.к), доцент Гүлсім Бисенованың айтуынша, Қытай империясынан қысым көрген қазақтар Тибет асып, Үндістанға өтуді көздеген, Гималай асып, оба мен ыс (тау биігінде ауа құрамында оттегі аз болған соң дененің ісіну ауруы) ауруларын бастан өткеріп, 1941 жылы 3000 қазақ Үндістанға жеткен.

Үндістан ұлттық архив қорынан анықталған «Қазақ көшіне қатысты қабылданған шешімдер, Орталық Азиядан келген 3000-ға жуық қазақ иммигранттар тобы», «Үндістанға келген қазақтар мәселесі», «Бхопалдағы қазақтарға қатысты шығындар», «Үндістанға келген қазақтар мәселесін шешу мақсатында құрылған ұйымдар», «Кашмирдің Джамму штатындағы қазақ мигранттары» атты құпия құжаттар қазақ тарихындағы осынау бір қиын-қыстау кезеңдердің дәлелі болып табылатын аса құнды деректер, - дейді маман.

Қазақтар туралы Үндістан архивінде табылған материал. Фото: KAZ.NUR.KZ/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Сол басылымдарда қазақтар туралы мынадай сипаттама жазылған: «Қараша айының соңына қарай Кашмирге тартар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді. Мұсылмандар, ерлер, әйелдер мен балалар, олар ішінара діни және саяси себептерге байланысты, сонымен қатар, экономикалық ыңғайлылықты іздеп Үндістанға келді. Олар Кашмирге 4000 жылқыларымен, 3000 түйе және 20000 қоймен жетті».

Бұл мәліметтер Қоғамдық ақпарат бюросы, Үндістан үкіметі, «Мемлекет қайраткері» атты мерзімді басылымдарында Нью-Дели қаласында 1942 жылдың 4 қаңтарында жарияланған. 1942 жылы Үндістанға келген қазақ көші.

Фото: KAZ.NUR.KZ/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Бисенованың айтуынша, Үндістан жеріне енгеннен кейін, қазақтардың тұрған жері еркін қоныс емес, әскер қоршауындағы лагерь болған.

Кіріс-шығыс жолдардың бәрі үнді әскерінің бақылауында болды. Кашмир үкіметі қазақтардың Британдық Үндістанға өтуіне жол бермеу үшін олар Мұзафарабад маңында уақытша босқындар лагерін құру туралы шешім қабылдайды. Үндістан үкіметі қазақтарды Кашмирде шамамен төрт ай бақылауда ұстау қажет деген шешімдер қабылдайды. Қазақтарды уақытша Үндістанда қалдыру жөнінде шешім қабылдаған жағдайда, Үндістанның әртүрлі қалаларына қоныстандыру мақсатында оларды бірнеше жүз адамнан топтарға бөлу қажет деген шешім қабылданды, - деп келтіреді табылған құнды деректерді тарих маманы.

1942 жылы Үндістанға келген қазақ көші. Фото: KAZ.NUR.KZ/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Осы құжаттарда қазақтардың басына түскен ауыр нәубет туралы деректер де кездескен. Троптиктік ауа райынан, түрлі жұқпалы індеттен мыңдаған адам қайтыс болғаны айтылады.

Сонымен қатар анықталған құжаттарда 1948 жылы 14 ақпанда Калькуттадағы Қытай Республикасының Бас консулдығы «Кашмирге 1941 жылы Шыңжаң провинциясынан 3000 қытайлық қазақтар келді, олар Үндістанның ауа райына бейімделмегендіктен, аурулардан және басқа да себептерден қайтыс болды. 1943 жылы шамамен 500 қазақтар Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылды» деп мәлімдеген құнды деректер де табылған.

1942 жылы Үндістанға келген қазақ көші. Фото: KAZ.NUR.KZ/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Табылған құжаттар нөмірленіп, айы мен күні жазылып, қысқаша сипаттама жазылған: F.№ 203 W/42

«Үндістанның Бхопал штатына қазақтарды орналастыру мәселесі. Хайдарабадқа жіберілген сұраныс хаттары» атты құжат. 1942 жыл. Желтоқсан. № 2584 хаттың көшірмесінен; «Үндістанға келген қазақтарды орналастыру мәселесіне қатысты, Хайдарабад әкімдігі қазақтардың 200-дей отбасын орналастырып, бір жыл мерзімге жәрдемақы мен егін мен мал шаруашылығымен айналысуға жағдай жасаймыз», - деп жазылған деректерде.

1942 жылы Үндістанға келген қазақ көші. Фото: © nur.kz/Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы

Ауа райы егін егу мен мал шаруашылығына қолайлы болып келетін Аурангабад жері қазақтар үшін қолайлы тұрақ деп санаймыз. Егістік пен мал бағу үшін жер бөле отырып, бір немесе екі қазақ қонысын құруды ұсынамыз. Қоныс аударушы қазақтардың ауылшаруашылық және де басқа қажеттіліктеріне қамқорлық жасау, сонымен қатар, оларды бақылап отыру мақсатында жергілікті салық қызметкерлерімен ауыл шаруашылық департаменті тарапынан бақылаушылар тағайындалады, – делінген деректерде.

Орталық маманының айтуынша, Үндістан ұлттық архивінен елге жеткен құжаттардың хронологиялық шеңбері 1941-1952 жылдар аралығын қамтиды.

Бұл құжаттар қазақтардың Алтайдан басталған қаралы көшінің Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен 12 жылдық тарихының нақты дәлелі мен куәсі саналады. Қорыта келгенде, алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі мәні бар қаралы көш тарихына қатысты елге жеткен құнды архив құжаттары толық аударылып, сараланып, басқа да дерек көздерімен салыстыра отырып, ғылыми айналымға түседі, - деп түсіндірді маман.

Айта кетейік, Үндістанның ұлттық архиві 1891 жылы Калькутта қаласында Империялық мұрағат департаменті болып негізі қаланған. 1911 жылы Үндістанның жаңа астанасы Нью-Делиге көшірілген. 1998 жылы 6 шілдеде архив жанынан Үндістан тарихына қатысты толық мәліметтер беретін «Ұлттық архив мұражайы» ашылған. Үндістан үлттық архив қорының хронологиялық деректері сонау 1748 жалдан басталады, негізгі құжаттар ағылшын, хинди, санскрит, урду, араб және парсы тілдерінде жазылған. Архив құжаттары төрт санатқа бөлінген; Мемлекеттік құжаттар, Шығыс құжаттары, қолжазбалар және жеке құжаттар.

«Архив-2025» мемлекеттік жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректі жинауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл бірегей жоба толықтай жүзеге асырылып, еліміздің жаңа тарихының куәгері болатын күн жақын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама