×

Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстан жастар құрамасы бірінші орынға ие болды

Қазақстан құрамасы 9 алтын, 3 күміс, 8 қола жеңіп алды

 Халық үні 03.11.2023 | 22:48
Фото: sports.kz

Астана қаласында бокстан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.

Жарыстың соңғы күні жастар арасында 25 салмақ (13 ұл, 12 қыз) бойынша жеңімпаздар анықталды.

Қазақстан құрамасы 9 алтын, 3 күміс, 8 қоламен жалпы кестеде көш бастаса, Өзбекстан (8 алтын, 8 күміс, 4 қола) екінші, Үндістан (6 алтын, 8 күміс, 6 қола) үшінші орыннан көрінді.

Жас жігіттер арасында финалда бірінші болып шаршы алаңға шыққан Бексұлтан Боранбек (48 кг) жапониялық Сея Накаямаға 0:5 есебімен есе жіберді.

Есесіне Бақтияр Анарбаев (60 кг) өзбекстандық Саят Илясовті төрешілердің бірауыздан шешімімен ұтты.

Төрехан Сабырхан 63,5 келіге дейінгі салмақта үндістандық Сингх Яшвардханды айқын жеңді – 5:0. Әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі осымен екінші рет жастар арасында Азия чемпионы атанды.

Ислам Советов (71 кг) қырғызстандық Вадим Бауринді (5:0) сүріндірсе, Дәулет Төлемісовтің (80 кг) өзбекстандық Жавохир Умматалиевке шамасы келмеді.

Сондай-ақ Виктор Литвинов (86 кг) тағы бір өзбекстандық Абдулазиз Абдурахмановтан айласын асыра алмады.

Ең соңғы бәсекеде Иван Ермоленко (+92 кг) өзбекстандық Шахзод Полвоновпен айқаста жеңіс нүктесін қойды.

Жарыс жеңімпаз-жүлдегерлері Халықаралық бокс федерациясы тарапынан (1-орын – 1000$, 2-орын – 500$, 3-орын – 250$) ақшалай сыйақымен марапатталды.

Қазақстан бокс федерациясынан мәлім еткеніндей, 12 күнге созылған турнирдің қорытындысында арнайы аталымдар бойынша мынадай жүлделер берілді:

Ең үздік жасөспірім қыз боксшы – Аяжан Сыдық (Қазақстан),

Ең үздік жасөспірім ұл боксшы – Фужуки Юга (Жапония),

Ең үздік жас қыз боксшы – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан),

Ең үздік жас ұл боксшы – Төрехан Сабырхан (Қазақстан).

Ең үздік төреші – Мариф Урдешев (Өзбекстан), Мария Каваклиева (Болгария).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама