×

Арнайы жасақ туралы фильмнің тұсауы кесілді

Киноға 200-ден аса әскери қызметші түскен

 Дәурен Ерболат 03.11.2023 | 11:50
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Өскеменде «Бүркіт» көркем фильмінің тұсауы кесілді, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.

Әскери фильмнің қоюшы  режиссері – «Алтыншы бекет» және «Қазбат» кино картиналарының бас продюсері Данияр Ибрагимов, ал әскери эпизодтар продюсері – күрең берет иегері, офицер Камал Жақсылықов, екінші продюсер – Ильяс Етекбаев, желілік продюсер – ардагер Сабыржан Сүлейменов.

Басты рөлдерде танымал актерлер Санжар Мәди, Дәурен Серғазин, Асылхан Төлепов және танымал әнші Ғалымжан Молданазар ойнады.

Киноны өскемендіктермен қатар, Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы да тамашалады.

Қызылкүрең беретті алу үшін қажымас күш-жігер керектігі фильмде көрсетіледі. Қауіпті қылмыстық топтарға қарсы арнайы жасақ қызметкерлері күреседі. Ұлттық ұлан сарбаздары жауынгерлік рухты дәріптейтін өнер туындысынан ерекше әсер алды деп ойлаймын, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының басшысы, подполковник Денис Ча. 

Киноға арнайы жасақ, әскери техника және авиация тартылып, сондай-ақ 200-ден аса әскери қызметші түскен.

Менің жолдасым да әскери қызметші. Үйде отырып, шұғыл жұмысқа кететін кездері болады. Бүгін әскери киноны көріп, жолдасымның қандай жұмыс істейтінін түсіндім әрі қызметі өте жауапты екенін білдім, - деді қала тұрғыны Зарина Сұлтанбекова.

Ал өскемендік Мейіржан Исаковқа кинодағы экшн ұнаған.

Мұндай шытырман оқиғалы, экшн-фильмдерді шетелдік кинолардан ғана көретінбіз. Енді отандық киноөнімге де таңдай қағып тұрмыз, - деді ол.

Айта кетейік, фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырмасымен түсірілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама