×

Бокстан АЧ: Қазақстан үш алтын, төрт күміс және төрт қола жүлде алды

Аяжан Сыдық, Толғанай Қасымхан мен Алина Құдайгенова Азия чемпионы атанды

 Дастан Жұмабекұлы 02.11.2023 | 15:15
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan/

Астанада бокстан жастар және жасөспірім ерлер мен қыздар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасында жүлде алған боксшылардың есімі белгілі болды. Жасөсіпірім қыздар арасынан Аяжан Сыдық 54 келі салмақта Өзбекстан өкілі Зухро Рустамованы 5:0 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.

60 келі салмақта Толғанай Қасымхан чемпион болды. Ол Үндістан боксшысы Чиром Жойшери Девидтен барлық раундта үстем болып, 4:0 есебімен жеңді.

63 келіде Алина Құдайгенова өзбек қызы Аселиа Төлегеновадан төрешілердің бірауыз шешімімен 5:0 есебімен басым түсті.

Одан кейін 48 келі салмақта жасөспірімдер санатындағы Сила Биболсынқызы Тайпей боксшысы Шен Син-Айға 2:3 есебімен есе жіберді. Айым Таңқыбаева да 46 келі салмақта Өзбекстан спортшысы Мафтуна Мусурмоновадан 2:3 есебімен жеңіліп, күміс медаль иеленді.

Аружан Зейноллаева 75 келі салмақта Өзбекстан спортшысы Мафтуна Янгиевадан 0:5 есебімен жеңілді. Аружан да күміс жүлде алды. Сосын Ақбота Есімбекова 70 келідегі финалдық жекпе-жекте үнді Аканша Фаласвалға 2:3 есебімен жол берді.

Қола жүлдені Айша Сариева (52 кг), Айсұлу Мұхит (66 кг), Құралай Егінбайқызы (80 кг) мен 80 келіден аса салмақта шаршы алаңға шыққан Панар Сейтқанқызы иеленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама