×

TikTok-та мұғалімдер мен оқытушыларға арналған байқау жарияланды

Бас жүлде – iPhone 15 смартфоны

 Дәурен Ерболат 01.11.2023 | 12:13
Фото: life.fakty.com.ua

TikTok әлеуметтік желісінде Қазақстан мұғалімдеріне арналған байқау жарияланды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Оған TikTok-та аккаунты бар ұстаздар мен оқытушылар қатыса алады.

Байқау 1 қараша мен 17 желтоқсан аралығында өтеді. Осы уақыт аралығында танымдық қысқа видео түсіріп, әлеумет желіге жүктеуге тиіс. Бейнероликтің ұзақтығы 30 секундтан кем болмауы қажет. Видеоны жариялағанда #қазақстанмұғалімдері немесе #учителяказахстана хэштегтерін қолдану керек, – деп жазылған хабарламада. 

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Нұрмұханова байқаудың неге ұйымдастырылып жатқанын түсіндірді.

Бұл жоба арқылы педагогтер өз білімін шығармашылық арқылы көрсете алады. Осылайша, ғылымды, пәндерді интернетте кеңінен насихаттауға мүмкіндік алады. Біз Қазақстанда TikTok-ты пайдаланатын дарынды мұғалімдерді көріп жүрміз. #ҚазақстанМұғалімдері байқауы мұғалімдер мен оқытушылардың шабытын оятып, пәнді қызықты форматта беруді көздейді, - деді ол.

Байқау 4 номинация бойынша ұйымдастырылады:

  • TikTok мұғалімі – 2023. Мектептердегі мұғалімдер мен колледждердегі оқытушыларға арналған номинация. Ол бойынша күрделі ғылыми идеяны, деректі немесе тұжырымдаманы анық әрі түсінікті етіп видеоға түсіру керек. Ең креатив ролик авторы жеңімпаз атанады;
  • TikTok мұғалімі оқытушысы – 2023. Жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған номинация. Мұнда да ең креатив ролик авторы жеңімпаз болады.
  • TikTok-тағы жаңалық. Байқауда жарияланған ролик ең көп қаралым жинауға тиіс. Ұстаздар мен колледж, унивеситтеттегі оқытушылар қатыса алады.
  • Үздік бейнеролик. Байқауда жарияланған ролик ең көп қаралым жинауы керек. Мұнда оқытушы жеңімпаз атанады.

Байқауда жеңіске жеткен мұғалімдер мен оқытушыларға iPhone 15 ұялы телефоны сыйлыққа беріледі.

Толық ақпаратты алғыңыз келсе, сілтемені басыңыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама