×

«Көк тиынына дейін қайтарып бердім»: Данияр Елеусінов жалақысына қатысты дауға нүкте қойды

80 мың теңге көлемінде жалақы алып келген

 Халық үні 30.10.2023 | 20:47
фото: vesti.kz

Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов жалақы дауына қатысты пікір білдірді. Олимпиада чемпионы спорт мектебінен бір жарым жыл бойы алып келген еңбекақысын толықтай кері қайтарып, жұмыстан шығып кеткен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жақында ғана бір жарым жыл бойы алып келген жалақының барлығын кері қайтардым. Осылайша спорт мектебіндегі жұмыстан шықтым. Енді ол жерде жұмыс істемеймін. Салық мекемесіне барып, арнайы есеп жүргізіп, барлығын төледім. Көп сома деуге келмейді. Тәжірибем де тоқтап тұр. Ресми түрде жұмысқа орналасу керек. Бірақ кәсіби бокста жүргендіктен, ол әзірге мүмкін болмай тұр. Мен өз елімде жұмыс істеуге, өскелең ұрпақпен тәжірибемді бөлісуге дайын болдым. Ешқандай өкпе жоқ. Қазір бәрі жақсы. Жақында шаршы алаңға ораламын деп үміттенемін, – деді Данияр Елеусінов.

Айта кетейік, Таяуда ғана Данияр Елеусіновтің Астанадағы мемлекеттік спорт мектептерінің бірінен тұрақты түрде жалақы алып келгені туралы ақпарат әлеуметтік желіні шулатқан еді. Спортшы бірнеше жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқанына қарамастан, спорт мектебіндегі қызметкерлердің қатарынан табылғанына көпшілік күмән келтірген.

Кейін Астана спорт басқармасы да Данияр Елеусіновтің 2021 жылдан бері жаттықтырушы лауазымында жұмыс істейтінін растады. Ол жартылай штаттық негізде 80 мың теңге көлемінде жалақы алып келген екен. Өзіне қатысты ақпараттың ақ-қарасын ашып айтпаған былғары қолғап шебері араға бір ай салып даулы тақырыптың нүктесін қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама