×

ҚазМұнайГаз мұнай және газ конденсатын өндіру көлемін арттырды

Мұнай тасымалдау көлемі 7,8%-ға ұлғайды

 Халық үні 30.10.2023 | 16:23
Фото: kmg.kz

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ 2023 жылдың 9 айдағы өндірістік нәтижелерін жариялады, деп хабарлады Halyq Uni.

2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда, 2023 жылдың 9 айындағы басты өндірістік көрсеткіштер:

  • мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 9,0% өсіп, 17 млн 508 мың тоннаға жетті;
  • мұнай тасымалдау көлемі 7,8% артып, 59 млн 371 мың тонна болды;
  • Қазақстандық және румын мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын (КСШ) өңдеу көлемі 14 млн 896 мың тоннамен салыстырғанда, 14 млн 901 мың тонна болды.

Өндірістік көрсеткіштер егер өзгеше көрсетілмесе, бірлескен және қауымдасқан компаниялардағы ҚМГ-нің иелену үлесіне сәйкес шоғырландырылған еншілес ұйымдар үшін көрсеткіштердің 100%-ы көрсетілген.

Көмірсутек шикізатын өндіру

2023 жылдың тоғыз айында ҚМГ-нің мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 9,0%-ға ұлғайып, 17 508 мың тонна мұнайға (тәулігіне 483 мың баррель) жетті. Ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 17,9%-ға 7 008 млн текше метрге дейін ұлғайды.

Теңіз кен орнында ҚМГ үлесіне тиесілі мұнай өндіру былтырғы ұқсас кезеңіндегі өндіру көлемімен салыстырғанда 0,9%-ға ұлғайып, 4 млн 339 мың тонна (тәулігіне 127 мың баррель) болды. Көрсеткіштің өсуіне екінші буын зауыты мен технологиялық желілер кешенінің үздіксіз жұмысы әсер етті. Ілеспе газ өндіру 0,2%-ға артып, 2 млрд 399 млн текше метрге жетті.

Қашағанда ҚМГ үлесіне тиесілі мұнай және газ өндіру 213,4% және тиісінше 222,0%-ға артып, 2 млн 301 мың тонна (тәулігіне 67 мың баррель) және тиісінше 1 млрд 452 млн текше метр болды. Қашағандағы өндірістің өсуіне былтыр қыркүйекте «Самұрық-Қазына» АҚ-тан «ҚМГ Қашаған Б.В.» ЖШЖК 50% үлесін кері сатып алу жөніндегі мәміленің аяқталуы нәтижесінде жобада ҚМГ үлесінің 8,44%-дан 16,88%-ға дейін ұлғаюы, сондай-ақ 2022 жылғы маусымда теңіз және жерүсті кешендеріне жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ былтыр тамыз бен қыркүйекте шикі газды айдайтын жаңартылған 2 компрессорының іске қосылуы себеп болды.

Қарашығанақта ҚМГ үлесіне тиесілі мұнай мен конденсат өндіру көрсеткіші 4,8%-ға ұлғайып, 805 мың тоннаға (тәулігіне 23 мың баррель) жетті. Газ өндіру көлемі 10,8%-ға артып, 1 млрд 638 млн текше метр болды. Өндіру көлемінің өсуіне Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан шикі газды қабылдау мүмкіндігінің артуы оң әсер етті.

Операциялық активтерде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 1,9%-ға, 10 млн 63 мың тоннаға (тәулігіне 267 мың баррель) азайды. Өндіру көлемінің негізгі төмендеуі биылғы шілде-қыркүйек аралығында Маңғыстау атом энергия комбинаты (МАЭК) тарапынан электр энергиясын апаттық жағдайда өшіру және электр қуатының шектелуі салдарынан Өзенмұнайгазға тиесілі. Сонымен қатар, өндірудің табиғи төмендеуі салдарынан ескі кен орындарында өндірудің төмендеуі байқалып отыр. Бұл ретте Ембімұнайгазда мұнай өндіру ескі кен орындарында табысты жүргізілген геологиялық-технологиялық іс-шаралардың нәтижесінде және С. Нұржанов пен Уаз Солтүстік кен орнының Шығыс қанатында игеру жұмыстарын бастау себебінен ұлғайды. Сондай-ақ, Маңғыстаумұнайгазда өндіру көлемі қабаттардың мұнай өндірісін арттыруға бағытталған әдістерін уақытынан бұрын енгізу есебінен өсіп отыр. Операциялық активтерде газ өндіру көлемі 6,2%-ға 1 518 млн текше метрге дейін азайды. Оған Қазақтүрікмұнайда ұңғымалар мен газ қабылдау тораптары арасындағы желінің өткізу қабілетінің төмендеуі, сондай-ақ Қазақойл Ақтөбеде қабылдаушы тарап компрессорларының тоқтауы себеп.

Мұнай тасымалдау

Магистральды құбырлар мен теңіз жолдары арқылы мұнай тасымалдаудың жалпы көлемі 7,8%-ға, яғни 59 млн 371 мың тоннаға ұлғайды.

Мұнайды магистральды құбырлар арқылы тасымалдау көлемі 6,6%-ға ұлғайып, 51 млн 371 мың тоннаға жетті. Негізгі өсім Қашаған мұнайын ҚазТрансОйл жүйесі бойынша Самара бағытында және КҚК жүйесіне тасымалдау, сондай-ақ Ақтау порты бағытына қарай мұнай жеткізу көлемінің ұлғаюымен байланысты болды.

Мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 16,1%-ға 8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Бұл көрсеткіштің өсуі негізінен қазақстандық мұнайды экспорттаудың баламалы бағыты ретінде Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын пайдалана отырып, Жерорта теңізінде тасымал көлемінің ұлғаюына, сондай-ақ Новороссийск портындағы (РФ) КҚК теңіз терминалынан Мидия портына (Румыния) қарай Қара теңіз акваториясы арқылы тасымалданатын мұнай көлемінің ұлғаюына байланысты болды.

Транскаспий бағытын дамыту аясында әрқайсының дедвейті 8 мың тонна «Taraz» және «Liwa» жаңа мұнай құю танкерлері сатып алынды. Олар Каспий теңізі арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдайды. Жаңа танкерлердің иесі — «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» бірлескен кәсіпорны, оның акционерлері — «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы (ҚМГ-нің 100% еншілес компаниясы) және International Maritime Investments Ltd. («Abu Dhabi Ports Group» (БАӘ) 100% еншілес компаниясы).

Көмірсутек шикізатын сату

ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын өткізу көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 17 млн 703 мың тоннаға жетті, оның 64,5%-ы экспортқа жөнелтілді.

Ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін Компания өндірген 6 млн 278 мың тонна мұнай мен газ конденсаты ішкі нарыққа жеткізілді. Оның ішінде операциялық активтердің (Өзенмұнайгаз, Ембімұнайгаз, Қазақтүрікмұнай және Өріктау Оперейтинг) 3 млн 731 мың тонна шикі мұнайы өңдеу және өңделген мұнай өнімдерін әрі қарай сату үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) және Павлодар мұнай-химия зауытына (ПМХЗ) жіберілді.

Көмірсутек шикізатын өңдеу

2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда КСШ өңдеудің жалпы көлемі айтарлықтай өзгере қоймай, 14 млн 901 мың тонна болды.

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында КСШ өңдеу көлемі 0,4%-ға азайып, 10 млн 774 мың тонна болды. Өңдеу көлемі ПҚОП зауытында биылғы шілде айында каталитикалық риформинг қондырғысында жылу алмастырғышты жөндеу үшін кәсіпорынның тоқтауы салдарынан төмендеді. Бұл ретте биыл Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысының неғұрлым үздіксіз жұмысы есебінен өңдеу көлемі ұлғайды. Бұның нәтижесінде ПҚОП-тағы өңдеу деңгейінің азаюы ішінара өтелді.

Румыниядағы KMG International (Петромидия, Вега) зауыттарындағы өңдеу көлемі 1,0%-ға артып, 4 млн 127 мың тоннаға жетті. 21 маусымда болған жағдайдан кейін Петромидия зауытында қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жұмыстар биылғы қарашның соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қазақстандық және румын зауыттарында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға төмендеп, 13 млн 673 мың тонна болды:

Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 9 млн 672 мың тонна мұнай өнімдерін өндірді. Бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен 1,3%-ға аз. Оған ПҚОП зауытының жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарына тоқтауы себеп болды.

KMG International (Петромидия, Вега) зауыттары 4 млн 1 мың тонна мұнай өнімдерін өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіштермен бірдей.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама