×

Украинада Ресейдің аз ұлттарынан жасақталған «Сібір» батальоны құрылды (ВИДЕО)

Ресей қазір де аз халықтарға қысым көрсетіп, олардың тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмыттырып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 27.10.2023 | 16:25
Фото: polskieradio.pl

Украинада «Сібір» батальоны құрылды. Ол Ресейдің аз ұлттарынан жасақталған. Оның құрамында саха, бурят, тыва, хакас, алтай және басқа да Ресейдің шығыс халықтары бар.

Батальон қаруланып, Ресейге қарсы соғысты бастап кетті. Қазір Украинада құрылған жаңа әскери құрылым туралы мәлімет кеңінен тарап жатыр. Батальонның құрамындағы сарбаздардың айтуынша, олар әскери құрылымға өз еркімен қосылған. Соның бірі – өзін Геннадий деп таныстырған жауынгердің айтуынша, қазіргі Ресей мен бұрынғы КСРО-ның арасында еш айырмашылық жоқ. Ресей қазір де аз халықтарға қысым көрсетіп, олардың тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмыттырып жатыр.

Біз кедейшілікте өмір сүріп жатырмыз. Менің халқым – кедей ел. Бізден бәрін тартып алып жатыр. Бізде, тіпті, көгілдір отын да жоқ. Соған сіз сенесіз бе? Қазіргі Путиннің тұсындағы Ресей бұрынғы КСРО кезіндегідей сол қалпы, еш өзгеріссіз қалды. Оларға бізді, яғни якуттарды, тываларды, буряттарды, алтайларды жабайы халық етіп көрсету тиімді. Біз шынын айтқанда Ресейден шаршадық. Мен өз республикамның тәуелсіздік алғанын қалаймын. Өз тағдырымды өзім шешкім келеді, – деді ол.

Батальонның тағы бір сарбазының пікірінше, Ресей империясы болашақта бәрібір құлап, жойылып кетеді.

Ресей деген – алып түрме. Ол ыдырап кетсе, бізге жақсы. Империя құласа, республикаларға тиімді болатын еді. Өйткені аз халықтар өз-өзін асырап, өмір сүріп кетеді. Мен Ресейдің Украианға қарсы соғысын қолдамаймын. Мен бұл адам айтқысыз қылмысқа араласқым келмейді. Міне, бір жарым жылдан бері менің туған елім Украинада ылаң салып, бейбіт халықты қырып жатыр. Бұл қылмыстан мыңдаған бейбіт халық қаза тапты. Мен осы қылмысқа қатысты болғым келмейді, – деді өзін таныстыруды жөн көрмеген сарбаз.

Еске сала кетсек, Украинада шетел азаматтары да соғысып жатыр. Мысалы, Қазақстаннан соғысқа аттанған Жасұлан Дүйсембин деген жігіт соғыс басталғалы бері қолына қару ұстаған. Жақында ол президент Владимр Зеленскийдің қолынан марапат алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама