×

Астанада ірі көлемде есірткі сатқан топ ұсталды (ВИДЕО)

Пәтерді тексергенде лентаға оралған полиэтилен пакеттері табылды

 Дастан Жұмабекұлы 27.10.2023 | 09:58
Фото: polisia.kz

Астананың полицейлері қалада ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан топты ұстады.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, полицейлер «Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сатумен айналысқан Жамбыл облысының 38, 33 және 30 жастағы үш тұрғынын қолға түсірген. Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі сатушылар тобы тұрған пәтерді тінтіп, өсімдік тектес сұр-жасыл заты бар, лентаға оралған полиэтилен пакеттерін тапқан.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың жалпы салмағы 5 келі, 150 грамм болатын гашиш екені расталды. Тергеу кезінде ұсталғандар кінәсін мойындап, Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Есірткі сатушылардың бірінің осыған ұқсас қылмысты жасағаны үшін бұрын да бірнеше рет сотталғаны белгілі болды. Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары егер адам аса ірі мөлшерде есірткі мен психотроптық заттарды, соған ұқсас  басқа да заттарды сатумен, заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемденіп, сақтаумен айналысса, 6 жылдан 12 жылға сотталуы мүмкін екенін еске салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама