Жылу энергиясын өндіру станциясы еш қарызсыз мемлекет меншігіне өтеусіз негізде қайтарылды
Риддер ЖЭО-ның бұрынғы меншік иелері 5,5 млрд теңгеден астам борышын, оның ішінде жалақы және салық міндеттемелері бойынша қарыздарын төледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жылу энергиясын өндіру станциясы еш қарызсыз мемлекет меншігіне өтеусіз негізде қайтарылды.
Еске сала кетсек, Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлаған. Салдарынан қала тұрғындарына жылу беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан. Жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке аса ірі мөлшерде, 4,1 млрд теңге залал келтірді деген күдікпен алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды.