×

Қызылорда облысында 101 млн теңге жымқырған шенеунік сотталды

Мемлекетке келтірілген шығын толық өтелді

 Динара Амантай 26.10.2023 | 10:38
Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында қылмыстық жолмен жымқырылған 101 млн теңге мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметіне тексеру жүргізілген. Оның барысында 2018 жылғы 2 наурызда «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС-ның (ӘКК-нің еншілес ұйымы) «Мега Агро» ЖШС-дан 2 мың 400 тонна күріш астығын 120 млн теңгеге сатып алу туралы келісімшарт жасағаны анықталды. Қаражат толық көлемде аударылған. Шарт талаптарына сәйкес, тауар 2018 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жеткізілуге тиіс болған.

Өз кезегінде жеткізуші өз міндеттерін толық орындамай, 101 млн теңге мемлекет қаражатын бас пайдасына шығындаған. Одан бөлек, сол мерзімде көрсетілген 2 серіктестіктің басшысы М. Еспанов болған. Осылайша, ол мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам бола тұра, өзіне тиесілі «Мега Агро» ЖШС арқылы бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасаған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұл факт бойынша облыс прокуратурасы 2022 жылы 19 тамызда ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тіркеді. Тергеу барысында М. Еспановқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның әрекеті ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағынмен қайта сараланып, ол кінәсін толық көлемде мойындады және қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жалағаш ауданы сотының 2023 жылғы 3 қазандағы үкімімен М. Еспановқа 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Мемлекетке келтірілген 101 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама