×

Бүгін елордада 200-ден астам іс-шара өтеді

10 шақты тарихи датаның ішінде біреуі ғана – Республика күні ұлттық мереке статусына ие

 Еркеғали Болатұлы 25.10.2023 | 15:25
фото: foto-onlain.ru

Биыл Республика күнін мерекелеу аясында елордамызда 200-ден астам мәдени, спорттық және әлеуметтік шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған экскурсиялар және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар бар, деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы.

Сонымен қатар Республика күніне орай халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарға 1 мыңнан астам азық-түлік себеттері таратылды. 23 қазан мен 6 қараша аралығында жастар мен жасөспірімдер арасында бокстан Азия біріншілігі өтеді, – деді қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Елордада мәдениет басқармасына қарасты 6 театр бар. Мәселен, Максим Горький атындағы орыс драма театры айтулы мерекеге орай Қанат Жүнісовтың «Әлия» драмасын, Антон Чеховтың «Шие бағы» комедиясын және француз драматургы Эдмон Ростанның «Сирано де Бержерак» романтикалық драмасын ұсынады. Ал астанадағы «Қуыршақ театры» 25 қазанда сағат 12:00-де балаларға «Қаңбақ шал» ертегісін қояды.

М. Горький атындағы орыс драма театры 26-28 қазан аралығында театр форумын өткізеді. Форумға Қазақстанның басқа да театрлары қатысады деп жоспарланған. 25 қазанда 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында «Отан қымбат» атты концерт-спектакль өтеді. Бұл шараның ерекшелігі, Республика күні мерекесінің маңыздылығы Алаш ардақтыларының сөзімен жеткізіледі, – деді қалалық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ақерке Жұманбаева.

Графикалық 3Д декорациясы арқылы тарихи кезеңдерге сапар шектіреді. Әр кезеңнің әндері арқылы қойылымның драматургиялық желісі күшейе түседі. Сонымен қатар аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Астана қаласының шет аймақтарында, яғни Есіл, Нұра, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарындағы тұрғын үй алаптарында мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Балаларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары да қамтылған.

Ұлттық пен мемлекеттік мереке деген не? 10 шақты тарихи дата енгізілді. Соның ішінде біреуі ғана – Республика күні ұлттық мереке статусына ие болды. Ал қалғандары – мемлекеттік мерекелер. 16 желтоқсан мемлекеттік мереке болып қалды. Ұлттық мереке бәрінен жоғары және оны жергілікті әкімдіктер биліктің араласуымен халықтық мереке ретінде атап өтетін болады, – деді тарихшы Берекет Кәрібаев.

Осыған байланысты 25 қазан – Республика күніне айрықша мән беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама