×

Қазақстан сот жүйесін цифрландыру жағынан Еуропа кеңесіне кіретін 45 елдің алдында тұр

Судьялар уақыт үнемдеп, маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік алған

 Дәурен Ерболат 24.10.2023 | 16:16
Фото: gov.kz

Қазақстан сот жүйесін цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жағынан ауқымды жұмыс жүргізді. Енді мұны Парламентте де жүргізу керек. Бұл туралы сенатор Жақып Асанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенатта «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбындағы семинар өтті. Нәтижесінде цифрлық көмекші енгізілетін болды.

Ең алдымен доктор Фотиc Фитсилис пен Hellenic OCR Team компаниясының ұжымына пайдалы және мазмұнды баяндамалары үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл мәлімет біздің келесі қадамдарымызды белгілеу үшін өте қажет, - деді Жақып Асанов.

Сондай-ақ сенатор Қазақстанның сот жүйесі қалай цифрландырылғанын еске салды.

«Біз кезінде сот жүйесін (цифрландыруды) бастадық. Мысалы, Сарыарқа (ауданының) сотын алайық. Әр судья күніне 4 азаматтық дауды шешеді. Таңертеңнен кешке дейін оның бүкіл уақыты осындай процеспен өтеді. Бірақ кешке кабинетіне келіп, 48 санкция береді. Әр санкция азаматтарымыздың құқығын шектейді. Сонда күніне – 54 шешім.

Мысалы, кейбір кездері біз «Судья осындай шешім шығарды» деп ақпараттан оқимыз. Ал шын мәнінде судья сол күні 54 шешім қабылдаған. 2018 жылы біз бұл мәселені президентке баяндап, «Бұл мүмкін емес, бұл жағдайды өзгерту керек» дедік. Нәтижесінде робот (көмекшіні сот жүйесіне, – автор) енгіздік.

Қазір робот бүкіл істі тіркеп, ол судьяға жеткенде кездейсоқ әдіспен судьяны таңдайды. Осылайша, (іс) судьяға түскенде, ол оған дайын шешімді көрсетеді. Судьяның міндеті – тек дұрыс шешімді таңдап алу. Егер судья робот көрсеткен шешіммен келіспесе, басқа нұсқаны талап ете алады. Оның қолында барлық ақпарат болады: адамның аты-жөні, оның мекенжайы. Бұрын мұның бәрін судьяның өзі жазып отыратын. (Жасанды интеллект – автор) техникалық жұмыстан босатады деген осы, - деді депутат.

Сондай-ақ Жақып Асанов екінші мысалға тоқталды. Оның пікірінше, цифрландыру уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Қазақстанда азаматтық істер бойынша 6-7 млн шешім бар. Біз соның бәрін базаға құйдық. Сөйтіп, жасанды интеллект соның барлығын бойына сіңіріп, (ойланып – автор) үйренді. Қазір біз жасанды интеллектіден «Осындай талап арызбен сотқа барсам, сот қандай шешім қабылдайды?» деп сұрасақ, ол «Сіздің (сотта жеңуге) мүмкіндігіңіз бар-жоқ» деп өзінің ақылын айтады. Қазір осы өнім іске қосылып жатыр», - деді сенатор.

Депутат Қазақстан цифрландыруда жеткен жетістігімен әлемге үлгі бола алады деген ұстанымда.

Бүгін түстен кейін Жоғарғы соттың басшылығы Буэнос-Айреске ұшады. Онда арнайы отырыс өтеді. Аргентинада әлемдік соттардың басшылары бас қосып, Қазақстанның тәжірибесін 45 минут тыңдайды… Айтайын дегенім, Еурокомиссияның рейтингінде Қазақстанның сот жүйесі цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жағынан Еуропа кеңесіндегі 49 елдің ішінде 4-орынға ие. Дәл солай, Қазақстан Парламенті жасанды интеллектіні қолдану жағынан әлемдегі озық елдердің қатарынан көрінсе екен дейміз. Барынша соған ұмтыламыз, - деп түйіндеді сөзін Жақып Асанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Грекия Парламентіне көмектескен компанияның Қазақстанға шақырылғаны айтылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама