×

Таразда 87 скутер мен мопед жүргізушілері жауапқа тартылды

Көбінесе бұл көлікті 16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер пайдаланады

 Динара Амантай 24.10.2023 | 14:23
Фото: polisia.kz

Таразда жол қозғалысы ережелерін бұзған 87 скутер мен мопед жүргізушілері жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметнше, осы жылы мопедтерді, скутерлерді және электрлі самокаттарды басқаратын адамдардың көбеюі салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ олардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Аталған көлік түрлері жүргізушілерінің жолдағы тәртібін арттыру мақсатында полицейлер рейдтік іс-шаралар жүргізіп, олармен алдын алу жұмыстарын күшейтті.

Патрульдік полиция инспекторлары жұмыс барысында скутерлер мен мопедтердің жүргізушілері жіберген бірқатар құқықбұзушылықтарды анықтады. Оның негізгілері – арнайы бас киімсіз жүру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың мопедті пайдалануы, маневр жасау ережелерін бұзу және апаттық жағдай тудыру. Көп жағдайда жол ережесін бұзушылар – жасөспірімдер.

Екі күндік рейдтік іс-шаралар барысында облыс орталығында полиция қызметкерлерімен 87 мопед пен скутер жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айып тұрағына 45 мотокөлік қойылды. Көбінесе бұл көлікті 16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер пайдаланады. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық әңгімелер жүргізілді, – деді Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов.

Жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, бұл адамдар жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, соңғы уақытта мотокөліктердің салдарынан болған жол-көлік саны артты. Жыл басынан бері облыс жолдарында мопедтер 11 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Онда 1 адам қаза тауып, 13 адам түрлі жарақат алды.

Мопедтер мен скутерлер жүргізген балалар 10 мәрте жол-көлік ережесін бұзған. Соның салдарынан 1 бала қаза тауып, 9 бала жарақат алды. Мысалы, осы жылдың 20 қазанында кәмелетке толмаған скутер жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, Range Rover автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутердің жүргізушісі оқиға орнында алған дене жарақатынан қайтыс болды.

Көбінесе жасөспірімдер жол ережесін мүлде білмей, рөлге отырады. Ата-аналар баласына қымбат сыйлық бере отырып, оның салдары туралы ойламайды. Олар өз балаларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Скутер, мопед және тіпті велосипед – нақты көлік және олардың қатысуымен болған апаттардың салдары қайғылы жағдайға әкеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама