×

«Экс-әділет министрі Марат Бекетаев 2 айға қамауға алынды»: қалай ұсталғаны белгілі болды

Экс-министрге лауазым өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылған

 Халық үні 23.10.2023 | 22:46
Фото: azh.kz

Антикор бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын ресми растады. Негізі ақпарат өткен сенбі күні шыққан болатын. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Экс-министрге лауазым өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылған, деп хабарлады КТК арнасы.

Нақтырақ айтсақ, тергеу мәліметтерінде «Бекетаев талап етілмейтін қызмет көрсеткен үлестес компаниялардың мүддесін қолдап келген» деп көрсетілген. Тықыр таянғанын сезген экс-шенеунік 21 қазан күні әуелі Стамбұлға, одан кейін Лондонға қашып кетпекші болған. Бөгде біреудің көлігімен, әдеттегі образынан өзгеше киіммен әуежайға бет алған Бекетаевты құқық қорғау органдары бірден ұстаған.

Естеріңізге сала кетсек, бұрынғы әділет министрі қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кетті. Жалпы оның есімі атышулы оқиғалармен тығыз байланысты. Әділет министрлігінің тізгінін ұстағанда қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің ісін қадағалағанын білеміз. Сондай-ақ заңсыз активтерді қайтарумен айналысуы тиіс консалтингг компанияларды құруға белсене атсалысқан. Бекетаев молдаван кәсіпкері Анатолий Статидің ісін жүргізу кезінде қомақты қаржы жеді деген де ақпарат бар. Ал 2009 жылы әділет вице-министрі болған тұста мас күйінде көлік жүргізіп, полиция қызметкерлерінің «тоқта» деген дыбыстық ескертпесіне пысқырып қарамай жол ережесін бұзғаны да есте. Кейіннен бірнеше айға созылған сот процесі жылы жабылып, тіпті министр болып кеткен.

«Антикоррупция қызметі Мемлекет басшысының заңсыз шығарған активтерін іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әділет эксминистрін лауазым өкілетін асыра пайдаланды деген күдікпен ұстады. Ол талап етілмейтін қызметке жыл сайынғы келісімшарт жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қорғады», - дейді Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Айта кетейік, 22 қазанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Марат Бекетаевты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама