×

Аймағамбетов «Алтын белгіге» үміткерлер үшін мектеп басшыларын аямайтынын ескертті

Бұл мәселені білім басқармалары мен бөлімдері басшыларының назарға алуы шарт

 Еркеғали Болатұлы 17.05.2022 | 13:51
фото: ашық дереккөз

Ұлттық бірыңғай тестілеуде нашар нәтиже көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер оқушы білім алған мектеп басшылығы жұмыстан шығарылуы да мүмкін. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл Алтын белгіге» үміткер оқушылардың ҰБТ тапсыру нәтижесіне талдау жасалмақ. Бұл іске ұлттық тестілеу орталығы жауапты.

«Егер «Алтын белгіге» үмітті талапкер ҰБТ-дан төмен балл алып, шекті балды жинай алмаса, онда мектеп басшылығын жауапкершілікке тартамыз. «Алтын белгіге» үміткерлердің ҰБТ-ны тиісті деңгейде тапсыруы мен академиялық адалдық приципі біздің бақылауымызда», - деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда ол білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларына аталған мәселені назарға алуды ескертті.

Кейін естімедік, білмедік деген әңгіме болмасын. Осы мәселе бойынша мектептің басшылығы тікелей жауапкершілікке тартылады. Қажет жағдайда жұмыстан шығару әрекетіне дейін барамыз. Соған дайын болыңыздар! - деді министр.

Айта кетсек, биыл ҰБТ-да ерекше қажеттілігі бар балаларға қосымша уақыт берілетін болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама