×

Таразда қыз алып қашқан жігіттің 5 баласы бар болып шықты

Прокуратура өкілдері 7 жыл бас бостандығынан айырудың өзін «ең төменгі жаза» деп отыр

 Еркеғали Болатұлы 20.10.2023 | 10:57
фото: дереккөз

Таразда досына қыз алып қашуға көмектескені үшін 7 жылға сотталған жігіт отбасылы болып шықты. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Айыпталушының жақындары жазаны тым ауырлатып жіберді деп отыр. Тараздық бойжеткен кешірім берсе де жаза жеңілдемеген. Сондықтан олар қайта аппеляцияға арыз берген.

Айта кетсек, маңғыстаулық азамат Тараздың қызымен өткен жылы көктемде танысқан. Кездесіп, сөйлесе келе үйлену туралы ұсыныс білдірген. Алайда қыз қарсы болып, телефонын көтермей, байланысты үзбек болған. Ақпан айында жігіт ақтөбелік досын ертіп келіп, қызды көлікке күштеп отырғызады. Алып қашу операциясын көршілері көріп қалып, полиция шақырған. Олар көп ұзамай қаланың шығаберісінде қолға түскен.

Қамауға алынған қос азаматтың бірі көпбалалы әке екен. Ол қыз алып қашуға адам ұрлау емес, досы отау құрсын деген жақсы ниетпен барғанын айтады. Сондықтан 7 жыл деген жаза тым ауыр деп отыр.

Досы қызбен кездесіп жүрмін, бір дастарқанда отырмыз деген соң барған, жаман ниетпен бармаған. Енді 5 бала әкесіз, жетім қалып отыр. 7 жыл деген – тым ауыр. Сондықтан жазасын жеңілдетіп берсе деп сұраймын, - дейді айыпталушының әйелі Жанар Жанназарова.

Сондай-ақ қызды алып қашуға еріп барған азамат – бір отбасының жалғыз асыраушысы. Алайда прокуратура өкілдері 7 жыл бас бостандығынан айырудың өзін «ең төменгі жаза» деп отыр.

Аталған тұлғалар Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл – адам ұрлау дерегі бойынша ең төменгі жаза. Енді түпкілікті шешімді аппеляциялық саты қабылдайды, - деді қалалық прокуратураның аға прокуроры Асылан Рақымбайұлы.

Қазір қыздың өзі де сотқа өтініш түсіріпті. Кешірімін беріп, тіпті, әлгі жігітпен некелесетінін де жеткізген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама