×

«Түске дейін саябақта болдық»: Төреғали Төреәлі сот үкімімен көше сыпырып жүр

Төреғали Төреәлі әлеуметтік желіде өзінің көше сыпырып жүрген видеосын жариялады

 Халық үні 17.10.2023 | 19:38
Фото: видеодан алынды

Сот шешімімен 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған әнші Төреғали Төреәлі әлеуметтік желіде көше сыпырып жүрген сәтінен видео жариялады. 

Соттың шешімі бойынша 40 сағат қоғамдық жұмыс тапсырған. Түске дейін саябақта болдық, енді осы жерді тазалап жатырмыз. Бұл менің тәуелсіз отаным, менің елім, менің жерім. Әнұраны, көк туы бар елдің міндетті түрде заңы болады. Ол заңға бәріміз бірдей бағынуымыз керек. Ұлы дала баласы ұлы даласын сыпырып жатыр, - деді Төреғали Төреәлі видеода.

Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде Алматының Түрксіб ауданы сотында билік өкілдерін қорлау фактісі бойынша айыпталған әнші Төреғали Төреәліге қатысты шешім шықты. Сот қаулысымен әншіге 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды.

Сотта Төреғали Төреәлінің полиция қызметкерлерінің заңды әрі бірнеше рет қойылған талаптарын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, полиция қызметкерлеріне дөрекі сөз сөйлеген, сондай-ақ қарсылық танытқан, осылайша ол өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында билік өкілдерін қорлағаны анықталды. 

Соттың мәліметінше, айыпкердің кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдер (жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, бейнежазба және т.б. ) арқылы дәлелденген. Прокурор әншіні кінәлі деп тануды және оған 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза тағайындауды сұраған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама