×

Қызылордада кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан аса жобасына қаржылай қолдау көрсетілді

Өткен жылдан бастап елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі жүргізіліп жатыр

 Халық үні 17.10.2023 | 17:52
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Биыл Қызылордада кәсіпкерлік саласындағы 2,5 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Осылайша, Қызылорда облысында қаржылай қолдау көрсеткіші 14,3 пайызға ұлғайды. Мұнда экономикалық белсенді халықтың үштен бірі, яғни 124 мың 321 адам жұмыспен қамтылған.

Өткен жылдан бастап елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізімі жүргізіліп жатыр. Бүгінде тізімге Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен облыс бойынша 8 кәсіпкер енгізілді. Тізімге енгізілген кәсіпкерлерге қаржылық, мүліктік, инфрақұрылымдық, институционалдық және ақпараттық қолдау, салықтық жеңілдіктер секілді мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Мәселен, «Бибі Айша» тігін цехының басшысы Гүлмира Сариева 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 6 қызметкері әлеуметтік осал топтарға жатады. Олардың қатарында, зейнеткер, ерекше жандар мен жалғызбасты аналар. Көбіне қазақы нақыштағы киімдерді тігумен айналысады. Сондай-ақ, 3 жыл қатарынан қала күніне орай өткізілетін іс-шараға 100-300 адамға арналған киімдерді тігіп келеді. Биыл да Гүлмира Сариева бастаған қызметкерлер бір ай бойы қала күніне өнер көрсететін өрендердің киімін тігеді.

Аймақтағы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірі – Дариха Әбілдаева. Ол – «Мейірім» балаларға арналған коррекциялық-дамыту орталығының жетекшісі. Бүгінде бұл орталыққа 3 мың 600-ден астам адам қаралған. Дүниеге келген шақалақ сәбиден бастап, 40-ты еңсерген ер-азаматтарға дейін орталыққа жүгінеді. Ересек азаматтар логопедтің көмегін қажет етеді. Ал, бүлдіршіндер арасында тілдің кеш шығуы, аутизм дерттері тым көбейіп кеткен. Тек Қызылорда облысынан ғана емес, бүкіл республика, тіпті Италия, Таиланд мемлекетіндегі қазақ отбасылары да дертіне шипа тапқан екен.

Дариха Әбілдаеваның айтуынша, әр балаға жеке көңіл бөлу керектігін жеткізді. Көп жағдайда ата-ананың баланың дамуына бей-жай қарауынан тілдің дамуы тежеліп қалады екен. Сонымен қатар, мамандарды жиі оқыту курстары арқылы білімін жетілдіріп отыратынын айтты. Польша мемлекетінен арнайы дефектолог, логопед мамандары келіп, дәріс оқығанын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама