×

ҚХР премьері Тоқаевқа: «Қытай тілін жетік біліп, аудиториямызды баурап алдыңыз»

Бүгін Қытай тарапымен 20-дан аса келісімге қол қойылды

 Дәурен Ерболат 17.10.2023 | 17:45
Фото: Telegram/Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесті, деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын айтты.

ҚХР Үкіметі әлемді тұрақсыздық жайлап тұрған қазіргі кезеңде экономиканың орнықтылығын қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселені тиімді шешіп отыр. Қытайдың жаһандық экономиканың орнықты дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік қарым-қатынасты және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға қашанда ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-дың сенімді стратегиялық серіктесі әрі тату көршісі болып келді және келешекте де солай болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қарым-қатынасы қарқынды дамып жатыр. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел Үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етуде, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өте табысты келіссөз жүргізгенін атап өтті. Нәтижесінде көпжақты қазақ-қытай қатынасын одан әрі нығайту үшін нақты уағдаластықтарға қол жеткізілген.

Бүгін Үкімет деңгейіндегі 9 құжатқа, екі елдің бизнес және басқа да құрылымдарымен 20-дан аса келісімге қол қойылды. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында визасыз режимге және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға, сондай-ақ энергетика саласындағы өзара ықпалдастығымызға қатысты келісімдердің маңызы зор екенін атап өткім келеді, – деді мемлекет басшысы.

Ли Цян екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан мен Қытай халықтарын ғасырлар бойғы достық қатынастар біріктіреді. Биыл мамырда Қытай теледидарына берген сұхбатыңызда сіз елімізде білім алған және жұмыс істеген кездегі естеліктеріңізбен бөлісіп, қытай тілін жетік білетін адам ретінде аудиториямызды баурап алдыңыз. Мен де сұхбатты көрдім. Бұл елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға тың серпін берді деп ойлаймын, - деді ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері.

Ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу барысында Қазақстан маңызды уағдаластықтарға қол жеткізгенін атап өтті.

Бұл қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жаңа «алтын 30 жылдығы» кезеңіне бағыт-бағдар береді. Қытай тарапы әріптестеріңізбен бірге жоғары деңгейде қол жеткізілген осы уағдаластықтарды іске асыруға, ғасырлар бойғы достық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын, – деді Ли Цян.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Цян трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілді екенін растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама