×

Сайрамдық азамат үйіне шақырылған полицейдің басынан шәйнекпен ұрған

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 17.10.2023 | 14:55
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының Сайрам аудандық полиция басқармасына Жетісай ауданының тұрғыны хабарласып, Сайрам ауданында тұратын әпкесін жұбайы қорлап, ұруға тырысқанын айтқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған мекенжай бойынша ақпарат алғаннан кейін учаскелік полиция инспекторлары жедел келіп, заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдады және ер адамға ескерту жасады. Алайда жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, қорлап, балағат сөздер айтқан. Осыдан кейін ер адам шақыруға барған полицейге қарсылық көрсетіп, шәйнекпен басынан ұрған.

Бұл факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Осы баптың санкциялары 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жаза не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 2 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді, – делінген полиция хабарламасында.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр және барлық мән-жай анықталады. Сайрам ауданының полиция қызметкері медициналық тексеруден кейін өзінің қызметтік міндетін орындауға қайта кірісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама