×

Жамбыл облысында кәсіпкер орталық стадионда мал бордақылап, бау-бақша еккен

Сұрықсыз стадионға қара құлып салынғалы 25 жылға жеткен

 Халық үні 17.10.2023 | 08:18
фото: pixabay.com

Жамбыл облысында орталық алаңды сатып алған кәсіпкер нысанды мақсатсыз пайдаланғаны анықталды. Орталық алаң жекенің қолына өткелі жаңарудың орнына ондағы ғимараттар сүріліп, кірпіш зауыты салыныпты. Осылай деген Сарысу ауданының тұрғындары 27 жыл бұрын жекеге өткен стадион қайта мемлекет меншігіне қайтарылсын дейді. Өйткені жеті мыңнан аса халқы бар ауыл жастары спортпен шұғылданатын жер таппай жүр екен, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарна хабарлауынша, Саудакенттегі сау-тамтығы қалмаған сұрықсыз стадионға қара құлып салынғалы 25 жылға жеткен. Спорттық сайыстар мен доп додасы үзілмеген алаңды сол уақытта кәсіпкер сатып алады. «Жастар стадионын» жаңартып, жасөпірімдерге жағдай жасаймын деген желеумен әкімдік пен халықты иландырады. Алайда жекеге өткелі жасыл алаңға жан баласын жолатпаған. Спорттық мақсатта алуын алып, стадионды шаруақожалыққа айналдырып жіберген дейді жұрт. Ауылдықтардың айтуынша пайдасын көріп, табысын тауып алған соң өзге кәсіпкерге сатып жіберген. Қазір қолдан қолға өтіп жүр.

Бау-бақшаға айналған стадионнан қазір қос қақпа ғана қалған. 27 жылда жаңармақ түгілі 90-шы жылдардан қалған Ленин ескерткіші мен-мұндалап тұр. Ал стадионды бес жыл бұрын сатып алған үшінші қожайын қаржылай қиындықтарға байланысты жоспарын жүзеге асыра алмағанын айтады. Қолының қысқалығына байланысты енді әкімдікпен саудаласуға дайын.

 Шамамен 7,5 миллионға алдық ол жерді. Халыққа қатты керек боп жатса, халық наразы боп, жерді берсін деп жатса, Құдай қаласа, дайынбыз, ойланып көруге, - дейді кәсіпкер Бекзат Нұрсүлейменов.

 Ал әкімдік кәсіпкерден стадионды тегін сұрап көндіре алмаған соң, демеушілердің көмегімен сатып алуға кірісіп кетіпті.

 Ауылдың көне көз қарияларының айтуынша, 10-15 мың теңге көлемінде сатылған жекеге. «Жастар стадионынының» қазіргі қожайынымен келіссөз жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз. Биыл болмаса, келесі жылдың басында міндетті түрде теңгерімге аламыз, - дейді Сарысу ауданы әкімінің аппарат басшысы Құдайберген Рысдәулет.

Осылайша 27 жыл бойы жыр болған стадионды ауданның қазіргі билігі келер жылдың басына дейін міндетті түрде мемлекет меншігіне қайтарамыз деді. Күрделі жөндеу жүріп, есігін айқара ашқан жағдайда ауылдық округтегі 12 мыңнан аса халық игілігін көрмек. Дегенмен, ертеректе стадионға білгенін істеген кәсіпкерге билік заңды не заңсыз сатқаны белгісіз. Архивтегі қажетті құжаттардың жоғалғанына байланысты бұл сұрақтың жауабы жұмбақ күйінде қала бермек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама