×

IV Азия пара ойындары: Қазақстан спортшылары Қытайға аттанды

Жарыс 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында болады

 Дастан Жұмабекұлы 15.10.2023 | 12:55
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиадалық құрама командасын IV Азия пара ойындарына ресми шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Сары құрлықтың басты додасы 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында болады.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 131 атлет қатысады. Олар 14 спорт түрінен, яғни пара жеңіл атлетика, бочча, пара пауэрлифтинг, шахмат, пара жүзу, пара велоспорт, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара садақ ату, пара үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату спорт түрлерінен 485 медаль үшін жарыс жолына шығады. Қазақстан құрамасы 2010 жылдан бері Азияның пара ойындарына төртінші рет қатысуда.

2010 жылы Қытайда бастау алған Азия пара ойындарына Қазақстан спортшылары үздіксіз қатысып, ел намысын абыроймен қорғап келеді. Биыл да еліміздің атынан 131 спортшы 14 спорт түрінен қатысады. Байрақты бәсекеде пара спортшыларымыз үздіктер қатарынан көріну үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Биылдың өзінде ұлттық құрама спортшылары 40-тан астам спорттық іс-шараға, 30-дан астам оқу-жаттығу жиындарына қатысып, біліктілік шыңдады. Ендігі кезек өздеріңізде. Біз сіздерге сенеміз! Азия Пара ойындарында сәттілік тілеймін! – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын ақшалай ынталандыру мақсатында құрлық чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың АҚШ доллары қарастырылып отыр. Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5 мың АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.

Жарысқа сары құрлықтағы 43 мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар спорттың 22 түрінен жалпы саны 564 медаль (паралимпиадалық спорт түрінен – 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын өзара сарапқа салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама