×

Мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береміз – Тоқаев

Бүгінде әлем экономикасында тұрақсыздық күшейген

 Дәурен Ерболат 13.10.2023 | 17:17
Фото: Telegram/Aqorda

Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береміз. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.

Бүгін мемлекет басшысы ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлылық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

Президент ТМД жанындағы серіктес және бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.

Тоқаев геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін айтып, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін жеткізді.

Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы, – деді мемлекет басшысы.

Президент ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Биыл ТМД-да «Орыс тілі жылы» деп жариялануының символдық мәні бар. Бүгін біз Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы Шарт пен Жарғыға қол қою жөнінде тарихи шешім қабылдаймыз. Бұл ұйым дербес халықаралық құрылымға айналады, құқық субъектісі ретінде танылады. Жаңа ұйым барлық ел үшін ашық болады. Әрине, бұл – жаһандық гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан өте өзекті.

ТМД кеңістігінде және одан әлдеқайда кеңірек халықаралық ауқымда орыс тілін насихаттау үшін қабылданып жатқан шаралар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін нығайту үрдісіне кері әсер етпейді.

Қазақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді, – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, жиында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама