×

Шетелдегі қазақтар үшін «Әр қазаққа – бір кітап» жобасы қолға алынды (ВИДЕО)

Ол үшін адамдар жауапкершіліктің бәрін мемлекетке артып қоймай, өздері де азаматтық белсенділік танытуға тиіс

 Халық үні 12.10.2023 | 17:26

Шетелдегі этникалық қазақтарға тек мемлекет емес, Қазақстан азаматтары да қолдау көрсетуге тиіс. Бұл туралы «Отандастар» қорының төрағасы Абзал Сапарбекұлы айтты.

«Сұрауы бар» Youtube-арнасына берген сұхбатында ол қордың ұйымдастыруымен іске асқан «Әр қазаққа – бір кітап» жобасын мысал етті. Айтуынша, ендігі міндет – шетелдегі этникалық қазақтардың сұранысына сай жауап беру.

Сондай-ақ қор басшысы бұған дейін де еліміз шеттегі қандастарға оқулықтар жеткізіп, көмектескенін алға тартты. Алайда соңғы кездері әр елдің ішкі саясаты мен білім жүйесіне байланысты, бұл мәселені қайта реттеу керек екен.

Мысалы, Өзбекстанға оқулық жіберіп келдік. Бірақ кейінгі кезде сол елдің заңдарына, оқу бағдарламасына сәйкес келуі керектігі белгілі болды. Ол үшін Өзбекстанмен келісім жасалуы керек. Өйткені біздің оқулықтар ол жерде жарамайды. Оқудың бағдарламасы да, контенті де бөлек. Сондай-ақ қазақ тілін жаңадан үйрету әдісі бойынша «А-1», «Б-1», «Б-2» деңгейінде ағылшын, парсы, орыс тіліндегі оқулықтарды таратып жатырмыз», - деді Абзал Сапарбекұлы.

«Отандастар» қоры ағартушылыққа негізделген жобалардың ауқымын кеңейтуді құп көреді. Ол үшін адамдар жауапкершіліктің бәрін мемлекетке артып қоймай, өздері де азаматтық белсенділік танытса екен деген ниетте.

Біз «Әр қазаққа – бір кітап» акциясын жасадық. Оның шеңберінде шеттегі 7 миллион қазаққа кітап таратайық дедік. Қолымыздан келгенше жарнамасын жасадық. Ұлттық кітапханамен, барлық облыстармен бірлестік. Сонда бар жиналғаны – 5 мың кітап. Ол өзімізге сын емес пе? 5 мыңның 1000-1500 кітабын меценаттар берді, қалғаны жеке азаматтардан жиналды, - дейді «Отандастар» қорының төрағасы.

Осы орайда ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарға мемлекет тарапынан бөлек, жалпы қоғам, ел азаматтары тарапынан жан-жақты қолдау қажеттігін атап өтті.

Сұхбаттың толық нұсқасын жоғарыдағы видеодан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама