×

«Қарызсыз қоғам»: барлық өңірде жобалық кеңселер ашылады

Елімізде 5,2 мың азамат банкрот деп танылған

 Динара Амантай 12.10.2023 | 15:08
Фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңірлік жобалық кеңселер барлық облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда ашылады. Орталық жобалық кеңсесі Астана қаласында орналасады. Аталған алаңдарда консультативтік-кеңесші топтар құрылады. Олардың құрамына қаржы бойынша тәуелсіз кеңесшілер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері және жеке сот орындаушылары кіреді.

Олар азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес беріп, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі. Мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының оқытушыларына қаржылық және құқықтық сауаттылықты үйрететін оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу және мамандарды даярлау жоспарланып отыр.

Халықтың одан әрі қарыз алуына жол бермеу, борыштық жүктеменің өсуін шектеу, қаржы нарығындағы алаяқтық фактілерін азайту, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту үшін заңнаманы одан әрі жетілдіру арқылы жүйелі шаралар қабылданатын болады.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының маңыздылығын және оны еліміздің барлық аймағында кеңейту қажеттігін атап өткен болатын. «Қарызсыз қоғам» жобасының мақсаты – азаматтарға қаржылық және құқықтық білікті көмек көрсету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, азаматтардың банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесу.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру туралы» Заңы аясында осы жылдың 3 наурызы мен 11 қазаны аралығында қазақстандықтардан соттан тыс банкроттыққа 68,3 мың өтініш түскен. Олардың 55,2 мыңы бойынша азаматтар 1414 нөміріне SMS хабарлама жіберу арқылы осы тәртіпті қолданудан бас тарту туралы хабарлама алды.

Сондай-ақ 5,7 мың азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі жүргізіліп, 1,2 мың өтініш қаралып жатыр. 5,2 мың азамат банкрот деп танылып, олардың жалпы берешегі 8 млрд теңгеден асты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама