×

Шымкент тұрғыны жылқыға қатыгездік көрсеткені үшін жауапқа тартылды

Оқиға сүндет той кезінде болған

 Халық үні 10.10.2023 | 23:42
фото: видеодан скриншот

Сүндет тойда жылқыға қатыгездік көрсеткен Шымкент тұрғыны жауапқа тартылды, деп хабарлайды Telegram-дағы ҚР ІІМ жаңалықтары арнасы.

Шымкенттегі мейрамханалардың бірінде жүрген жылқының видеосы Telegarm-дағы Esentai INFO арнасында жарияланды. Кадрдан көзі байланған атты бірнеше ер адамның баспалдақ арқылы түсірмек болғанын, алайда жануардың құлап, орнынан тұрған соң тіпті жүрмей қойғанын, дегенмен ер адамдардың бірі оны тізгінінен тартып баспалдақтан түсіруге тырысып жатқанын байқауға болады.

ІІМ мәліметінше, Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері тексеру нәтижесінде бұл жайттың 8 қазан күні Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен сүндет той кезінде болғанын анықтаған.

Тәртіп сақшылары жылқының иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 407-1 бабы «Жануарларға қатыгездік көрсету» бойынша әкімшілік хаттама толтырған.

Осы орайда полиция қызметкерлері жануарларды ұстау кезінде ұрып-соғуға, жануарды азаптауға, оның ішінде аштыққа, шөлдеуге, жануардың өліміне, жарақаттануына немесе денсаулығына өзге де зиян келтіруге әкеп соқтырған немесе соқтыруы мүмкін басқа да зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама