×

Ұлттық спорт қауымдастығы қандастарға мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырды

Қонақтардың назарына  қолөнер шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар да ұсынылды

 Халық үні 10.10.2023 | 19:31
фото: Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы «Отандастар» форумына 40-тан астам елден келген 200-ге жуық қандастарға арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырды, деп хабарлайды Halyq Uni

Атап айтқанда, Ұлттық спорт қауымдастығы мен Салалық спорт федерацияларының мамандары ұлттық ойындарымыздан (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ, көкпар, құсбегілік) қойылым көрсетті. Қонақтардың назарына  қолөнер шеберлері жасаған ұлттық бұйымдар да ұсынылды.  

Қойылым алдында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов:

Кезекті рет ұйымдастырылып отырған «Отандастар форумы» шетелдердегі қазақ ұйымдарының басын қосатын аса ауқымды жиын. «Altyn Qyran Foundation»  қоғамдық қоры және Ұлттық спорт қауымдастығы осындай іргелі жобаға қолдау көрсетуді өзіне аса зор мәртебе санайды. Баршаңызға мәлім,  ұлттық спорттың артында ұлтымыздың тарихы, салт-дәстүрі, намысы мен рухы тұр. Ұлттық спорт қауымдастығы ата-бабадан қалған қасиетті мұраны дамытуға бар күшін салып отыр. Отаны бірдің – тілегі бір! Береке-бірлігімізбен Қазақстанның мемлекеттігін нығайта түсеміз деген сенімдемін, - деді.

Сондай-ақ қауымдастық президенті қандастарды келесі жылы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына шақырды.

Айта кетейік, 11 қазан күні Астанада өтетін «ОТАНДАСТАР форумына» 40-тан астам елден 200-ге жуық отандасымыз қатысады.  

Олар – шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері.

«Отандастар» форумының бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Форумның Титулды демеушісі –  «Sine Midas Stroy» құрылыс компаниясы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама