×

«Балалар мектепке білім алу үшін барады». Президент хиджаб мәселесіне тоқталды

Ол баланың тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармау қажеттігін атап өтті

 Динара Амантай 05.10.2023 | 13:13
Коллаж: Halyq Uni

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жиі талқыланатын мектепте оқушылардың хиджаб кию мәселесіне тоқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң, өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – саламатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз, – деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы балалардың тәрбие ісінде ұлттық педагогика бастауларын да назардан шығармау қажеттігін атап өтті.

Балаларымыздың бойына қазақтың салт-дәстүрі мен құндылықтарын сіңіру – аса маңызды. Халқымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секілді ұғымдарға атүсті қарамаған. Яғни, төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріптеу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін білім саласындағы сарапшы жыл сайын мектептерге кемінде 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтқан болатын. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мектепте оқушылардың хиджаб киіп келуіне қатысты пікір білдірген еді. Бұған қоса, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да бұл мәселеге қатысты өз ойын айтқан. Ал өз кезегінде мүфтият мектепте хиджаб кию мәселесіне қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама