×

ШҚО-да мемлекеттік органдардың 9 басшысы жауапқа тартылды

Жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеген

 Динара Амантай 02.10.2023 | 12:40
Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстанда құқықбұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және шекара мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Отырыс барысында жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері және созылмалы құрылыс нысандарын аяқтау бойынша сұрақтар талқыланды.

Отырысқа ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Денис Шакенов, облыс әкімі Ермек Көшербаев, қалалар мен аудандардың әкімдері, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жұртшылық өкілдері қатысты.

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметіндегі кемшіліктерге тоқталды.

Жергілікті атқарушы органдармен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс тиісті дейңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Салдарынан биыл шілде-тамыз айларында ғана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 680-бабы бойынша облыстың мемлекеттік органдарының 9 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік органдардың басшылары заң талаптарын елемей, ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің директорларын активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырусыз қызметке тағайындаған. Салынған айыппұл сомасы – 1,6 млн теңге толық көлемде өндірілді, - деп атап өтті Талғат Башев.

Сондай-ақ облыстағы жүйелі сипаттағы бірқатар проблема да атап өтілді. Олар – жүздеген миллион теңге бюджет қаражаты бөлінген созылмалы құрылыс нысандары.

Күмәнді конкурстар мен мердігерлер, тапсырыс берушілердің негізсіз шешімдері, орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу – мүдделі жергілікті органдар жасырып отырған мәселелердің толық тізімі емес. Осыған байланысты, бөлінген бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын және құрылыстың уақтылы аяқталмау себептерін талдай отырып, проблемалық объектілерге бірлескен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізуді ұсынамыз, - деп атап өтті ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары.

Аталған мәселелер бойынша облыс әкімі Е. Көшербаев пен мен Антикор басшысы Д. Шакенов бұзушылықтарды жою және проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау жөніндегі бірлескен жоспар әзірлеу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыру және жүйелеу жөнінде бірқатар нұсқау берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама