×

Қазақстан экономикасына жаңа мүмкіндіктер ашылады - Mercedes-Benz Group басқарма төрағасы

Былтыр Қазақстанда өндірілген автомобиль саны 100 мыңнан асты

 Динара Амантай 29.09.2023 | 17:33
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасы Ола Каллениуспен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесуде автокөлік индустриясы және инновациялық шешімдер салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Президент Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға және өнеркәсіп өндірісін дамытуға ұмтылатынын атап өтті. Бұл стратегияда машина жасау саласы ерекше болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде General Electric, General Motors, Chevrolet, Kia және Hyundai секілді танымал әлемдік компаниялар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Былтыр Қазақстанда өндірілген автомобиль саны 100 мыңнан асып, 28 пайызға ұлғайған. Экспорт 2 есе өсіп, 3,8 миллиард долларға жеткен.

Неміс автоконцернінің басшысы президентке компанияның жаһандық жеткізу тізбегін дамыту ісіндегі тың тәсілдер және Қазақстан экономикасы үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.

Mercedes-Benz Group – әлемдегі автокөлік өндіретін жетекші компаниялардың бірі. 2022 жылы компания 2,5 миллионға жуық автомобиль құрастырып шығарған. Былтыр Mercedes-Benz Group әлемдегі ең ірі компаниялардың Forbes Global 2000 тізімінде 41-орынға, ал Fortune Global 500 тізімінде 38-орынға ие болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама