×

Азиадаға қатысқан спортшылардың алғашқы легі елге келді

Олардың арасында Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин бар

 Дастан Жұмабекұлы 27.09.2023 | 09:51
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Алматы халықаралық әуежайына  Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарына қатысқан 50-ден астам спортшы ұшып келді.

Олардың арасында Азия ойындарында бессайыстан алғаш рет Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин бар.

Әзірше Азиадада төрт күннің нәтижесі бойынша еліміздің спортшылары 2 күміс, 7 қола жүлде алды.

Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындары 8 қазанға дейін жалғасады.

Ал кеше Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны 1 күміс, 3 қола медальмен толықты.

Құрамында Бақтияр Ыбыраев, Андрей Худяков мен Асадбек Нәзірқұлов бар Қазақстан командасы 10 метрден нысана көздеуден Азия ойындарының күміс жүлдесін жеңіп алды.

Аралас санаттағы пневматикалық мылтықтан 10 метрден нысана көздеу жарысында Ислам Сәтбаев пен Александра Ле жұбы үшінші орын иеленді.

Дзюдошы Нұрлыхан Шархан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азиаданың қола медалін жеңіп алды. Ол Оңтүстік Кореядан келген қарсыласы Джонхун Вонды иппон әдісімен ұтты.

Семсерлесу спортынан сынға түскен Эльмир Әлімжанов Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Ол осымен Азиадаға төртінші рет қатысып, алғаш рет медаль алды.

Сабырхан Махмұд Азия ойындарын сенімді бастады. Боксшы алғашқы жекпе-жегінде Оңтүстік Корея өкілі Ли Йе Чанды 5:0 есебімен жеңді.

Денис Евсеев үлкен теннистен үшінші айналымда Тайпей спортшысын 2:1 есебімен басым түсті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама