×

«Белгісіз батырлар» тарихи комедиясы көрерменге жол тартады

Фильм 28 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі

 Халық үні 26.09.2023 | 15:09
фото: фильм постері

28 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында «Белгісіз батырлар» тарихи комедиясының көрсетілімі басталады. Осыған орай 26 қыркүйекте сағат 19:00-де Алматы қаласында «Ариал» гольф-клубының аумағында фильмді түсірген топ пен рөлдерде ойнаған актерлердің қатысуымен жаңа премьераның алдын ала көрсетілімі өтеді.

Картина қазақ жігітінің сайын даладағы табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілігі туралы. Сол үшін жауынгер достарымен бірге Жоңғар басқыншыларына қарсы соғысқа аттанады. Фильм сюжетінде 18 ғасырда әйгілі Аңырақай шайқасындағы жаугершілік өмір көрсетілген.

«Белгісіз батырлар» фильмінде басты рөлдерді отандық белгілі актерлер - Рамазан Амантай, Нұрболхан Шарап, Айнұр Ілиясова, Нұрдәулет Шертім, Индира Сабирова, Әділжан Шомбалов, Құмар Лұқманов, Мақсат Мамраимов сомдайды және бұл қатарда республикамыздағы ең танымал «Қарапайым Қайрат» веб-сериалының актерлері де бар.

Фильмді түсіру кезінде каскадерлік, көркем қойылым, сценарий жазу, режиссерлік, графикалық және музыкалық дизайн бойынша Қазақстанның жетекші мамандары жұмыс істеді.

Сәкен Тоқтағұлов – жобаның бас продюсері, Мерей Маханов – фильмнің қоюшы режиссері, Асылхан Мелдебеков – фильмнің қоюшы-операторы, Абай Ақбаев –композиторы, Ұлан Айбергенов – фильмнің қоюшы-суретшісі, Шолпан Батырбаева, Сәуле Дүркеева және Саламат Исабаев – фильм продюсерлері.

Фильм Qazaq Media, SKL Production және SunRay Production продюсерлік орталықтың ұйымдастырумен түсірілді.

Алдын ала көрсетілім ашық аспан астында болады және оған қатысатын қонақтар қызықты комедиялық картинаны тамашалаумен қатар, нағыз қазақ тойының  атмосферасын сезінетін болады.

Сондай-ақ, сіздерді арнайы даярланған 150 келі палау, 100 литр қымыз, түрлі ұлттық тағамдар, жағымды әңгімелер мен көңілді эмоциялар күтеді.

Іс-шараның серіктестері – Max Plov Center, Tiger Beer, Magnum, Jameson, Red Bull және Bal Qymyz сауда белгілері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама